Шымкентте 2-6 жастағы балалардың 90%-ы балабақшаға барады

1 Қыркүйек 2023, 19:26
1208
Бөлісу:
Шымкентте 2-6 жастағы балалардың 90%-ы балабақшаға барады
Фото: Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Шымкентте 3-6 жас аралығындағы 59 мыңдай баланың 99%-ы балабақшамен қамтылды. Ал 2-3 жас аралығындағы балаларға келсек, 80 451 баланың 89%-ы балабақшамен қамтылыпты. Мұны Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов айтты, деп хабарлайды өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына "Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам" деген Жолдауында: "Мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек. Алайда, бізде екіден алты жасқа дейінгі балалардың жартысынан астамы ғана балабақшаға барады. Мұндай олқылыққа жол беруге болмайды. Балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажет" деп тапсырды.

Шымкент қаласының әкімдігінің мәліметінше, бүгінгі таңда қаладағы 588 (оның 71-і мемлекеттік, 517-і жекеменшік балабақша) мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде 1-6 жас аралығындағы кезекте тұрған 87 442 баланың – 88,1%-ы (77 071 бала) мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтылған екен.

Соның ішінде:

– 3-6 жас аралығындағы 59 010 баланың 99% (58 366 бала),

– 2-6 жас аралығындағы 80 451 баланың 89% (71 571 бала) қамтылыпты.

Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту үшін жан басына шаққандығы қаржыландыру нормативіне сәйкес 2023 жылға әр балаға 45 603 теңге болып белгіленіп, 39 млрд. 748 млн.тг. қаржы қаралды. Оның 12 429,0 млн теңгесі республикалық бюджеттен, ал 27 319,0 млн теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінеді. 2023 жылдың қыркүйек айынан бастап қосымша 2 945 орынға мемлекеттік тапсырысты орналастыру үшін жергілікті бюджет есебінен 537 млн теңге қаржы қарастырылды. Ата-ана төлемақысы – 14 407 тг болып бекітілді. 2022 жылы 3 457 орынға мемлекеттік тапсырыс беріліп, ата-ана төлемі 14 407 теңге болды. Биыл 4000 орынға арналған 30 балабақша ашу жоспарланды, – деді қала әкімі Мұрат Әйтенов.

Президент былтырғы жолдауында "Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек. Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек" деп тапсырды.

Осы орайда Шымкентте Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, "Жайлы мектеп" ұлттық жобасын іске асыру мақсатында Шымкент қаласында 2025 жылға дейін 28 000 орындық 18 мектептің құрылысын салу жоспарланған. Соның ішінде 2000 орындық-8 мектеп, 1500 орындық - 2 мектеп, 1200 орындық – 7 мектеп, 600 орындық - 1 мектеп болады.

2023 жылы 17 300 орындық 12 мектептің құрылысы басталады деп күтіліп отыр. Оған республикалық бюджеттен 33 522,0 млн теңге қаралған. Ал, 10 700 орындық 6 мектептің құрылысы 2024 жылы басталады деп жоспарланды. Жоспарланған 18 мектеп құрылысы пайдалануға берілген жағдайда жаңадан ашылған шағын аудандардың мектеп мәселесі және орын саны тапшы мектептер мәселесі толығымен шешілетін болады, – дейді қала әкімі.

Мемлекет басшысының былтырғы жолдауда айтқан тағы бір тапсырмасы — мектеп формасын барлық оқушыға барынша қолжетімді етудің маңыздылығына арналды. "Әлеуметтік тұрғыдан әлсіз саналатын кейбір топтағы балаларға оны бюджет есебінен беру қажет деп санаймын. Мектеп формасына арналған мемлекеттік тапсырысты отандық жеңіл өнеркәсіпті дамытуға бейімдеген жөн" деді президент.

Шымкент әкімінің сөзінше, қалада материалдық көмекпен қамтуды қажет ететін мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балалардың жалпы саны 53 893 бала екен. 

Соның ішінде АӘК алатын отбасынан – 16 403 бала, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған – 436, көпбалалы отбасында тұратын – 29 779, басқа да санаттағы – 7 275 бала бар. Биыл әр баланың мектеп формасына 41 000 теңгеден, барлығы 2 209,6 млн тг қаржы бөлініп, 100 % қамтылыпты.

Өзгелердің жаңалығы