Шымкентте жыл соңына дейін 12 мектеп пайдалануға беріледі. Білім ордалары ұлттық жоба аясында бой көтеріп жатыр. Осылайша үлкен шаһарда мектеп жетіспеушілігі деген мәселе толық шешімін табады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазір 21 мектепте бала саны шамадан тыс көп. Мысалы 300 балаға арналған №115 мектепте 1109 оқушы білім алып жатыр. Білім ошағындағы бос бөлмелерді кәдеге жарату мақсатында мектеп әкімшілігі киім ілетін жайды үйірме бөлмесіне, ал дәлізді бөліп, сынып ретінде дайындаған. Дегенмен жауаптылар кабинеттердің стандартқа сай екенін айтады. Бұған қоса бала саны тым көп мектептерде сабақ уақытының 45 минуттан 35 минутқа қысқартылғаны да анықталды.
Дегенмен білім басқармасы шаһарда үш ауысымды мектеп мәселесі жоқ екенін мәлімдеді. №23, 115, 95 мектептер үш ауысымда оқып жатыр деген ақпарат болды.
Мен білім ошақтарына ескертусіз барып, аралап, санап та шықтым. Мектепте үшауысым мәселесі жоқ. Бос орындарды тиімді пайдаланып, қосымша кабинеттер дайындаған, - дейді қалалық білім басқармасының басшысы Нұргүл Шамшиева.