Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов мәлімдеді.
Айтуынша, екі апта бұрын Шымкент қаласының республикалық мәртебе алғанына 4 жыл толған.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи шешімі өзінің өміршеңдігін көрсетті. Қаламыздың екінші тынысы ашылып, қала тұрғындарының келешекке деген сенімі арта түсті.
Бұл сөзімді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ұсынысымен Конституцияға енген өзгерістер Референдумында қала тұрғындарының 72 пайыздан астамы қатысқаны растап отыр.
Шымкент қаласы соңғы 4 жылда жаңа серпін алды. Шымкенттіктер үшін бұл өте маңызды. Осы төрт жыл ішінде өнеркәсіп өнімінің көлемі 60%-ға немесе 492,3 млрд теңгеден 785,4 млрд теңгеге ұлғайды. 1,5 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. Республикада Шымкент қаласы өсім динамикасы бойынша 2021 жылдан бастап алғашқы орында. Биыл қалаға жарты триллионнан астам инвестиция тарту жоспарланып отыр, - деп атап өтті мегаполис басшысы.
Сонымен қатар ол баспана мәселесіне тоқталды.
2,6 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Оның 1 млн-ы былтыр бір жылдың ішінде берілді. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 30%-ға немесе 58 мыңнан 75,3 мыңға дейін өсті. Олар шығарған өнім көлемі алғаш рет 1 трлн теңгеден асты, - деді Мұрат Әйтенов.