Шымкентке 250 мыңнан астам турист келген

29 Қыркүйек 2024, 04:45
457
Бөлісу:
Шымкентке 250 мыңнан астам турист келген
Фото: baq.kz

Оtyrar.kz Шымкент қаласына жыл басынан бері 252 мыңнан астам адам келгенін зерделеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Шымкентке туристердің басым бөлігі Өзбекстан, Ресей және Қытай елдерінен келген. Биыл алғашқы жартылдықта 253 мыңға жуық адам Шымқала қонағы болған. Туристер үшін 12 ішкі, 5 халықаралық рейс жұмыс істейді. Келушілерді елдің салт-дәстүрі мен тарихы қызықтырады дейді сала мамандары.

Өзіміздің тарихи-мәдени кешендеріміз бар, орталықтарымыз бар соларды көрсетеміз бірінші кезекте. Келген турист Қазақстанның ерекшелігін көргісі келеді. Біз тек қана тарихи-мәдени емес, табиғатымызды көрсетеміз, одан кейін біздің тамақты, ұлттық тағамдарды көрсетіп дәмін татқызып жатырмыз, - дейді «Visit Shymkent» туристік ақпарат орталығының бөлім басшысы қызмет көрсетеді Гүлнар Бекмұратова.

Қалаға ат басын бұрған туристер саны өткен жылға қарағанда 17,5 пайызға артқан. Оларға 144 қонақ үй қызмет көрсетеді. Биыл инвесторлар тарапынан 3 қонақ үй пайдалануға берілсе, тағы бесеуінің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.

Біз қалаға қанша турист келсе де кез келген санда турист қабылдауға дайынбыз. Себебі қазір қалада 144 орналастыру орындары тұрақты түрде жұмыс жасауда. Орналастыру орындарымен ешқандай мәселе жоқ. 2024 жылдың 6 айында орналастыру орындарымен 5,3 млрд теңгеге қызмет көрсетілген. Бұл алдыңғы жылдың 6 айымен салыстырғанда 36,4 пайызға артып отыр, - дейді Шымкент қаласының туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының басшысы Бексұлтан Әділханов.

Жалпы Шымкент қаласының туризм саласы бойынша іс-шараларға 97 млн. 925 мың теңге бөлініпті. Дегенмен, туристерді тарту бағытында атқарылатын іс-шараларға демеу көрсетушілердің пайда болуына байланысты 65 млн. теңге мемлекетке қайта қайтарылған.

Айта кетейік, қалада бой көтеріп жатқан жаңа әуежай құрылысы аяқталған соң жаңа әуе рейстері ашылып, туристер саны артады деп күтіліп отыр.

Өзгелердің жаңалығы