Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
«16 шілдеде Шымкент-Жібек жолы автожолында шамамен сағат 13:15 минут өткенде жол-көлік оқиғасы орын алды. "Мерседес" шағын автобусы алдында келе жатқан "Камаз" ауыр жүк көлігіне барып соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан оқиға орнында шағын автобустың 5 жолаушысы қаза тапты. «Мерседес» шағын автобусының жүргізушісі және оның 6 жолаушысы емханаға түрлі дене жарақаттарымен жеткізілді»,-делінген хабарламада.
Аталмыш жайт Қазығұрт АПБ-ге ҚР Қылмыстық кодекстің 345-бабы «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бойынша тіркеуге алынды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полицейлер болған оқиғаның толық мән-жайын анықтау үстінде.