Шымкент тұрғыны сапасыз протез үшін 2 миллион теңге өндіріп алды

Берілген протез және қосалқы протез 2 ай ішінде жарамсыз болып қалған.

 ©BAQ.KZ архиві/ЖИ - Ерболат Бекболат 23 Ақпан 2026, 16:37
23 Ақпан 2026, 16:37
613
Фото: ©BAQ.KZ архиві/ЖИ - Ерболат Бекболат

Шымкентте сот мүгедектігі бар тұлғаның пайдасына материалдық шығын мен моральдық зиянды өндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотына талап қоюшы мүгедектер қоғамдық бірлестігіне материалдық шығын мен моральдық зиянды өндіру талабын қойған.

Сотта анықталғандай, талап қоюшы екінші топ мүгедегі. Ол 12 жылдан бері жауапкерден аяққа арналған протез алып келген. Алайда, 2025 жылы жауапкермен берілген протез және қосалқы протез 2 ай ішінде жарамсыз болып қалған. Осы жағдай, талап қоюшының денсаулығына ғана емес, күнделікті тұрмыста жүріп-тұруына, қозғалуына қиындық туғызып, психологиялық және моральдық тұрғыда күйзеліске ұшыраған. Талап қоюшыға берілген протез және қосалқы протездің сапасының төмендігі өз дәлелін тапты.

Сот талап қоюды ішінара қанағаттандырды. Сот, талап қоюшының алдағы уақытта сапалы протезді алып, толыққанды өмір сүруі үшін талап қоюшының пайдасына материалдық шығын 1 064 000 теңгені және де аталған жағдай талап қоюшының ызалану, түңілу және қолайсыз жағдайда қалуына әкеп соққанын ескеріп, талап қоюшының пайдасына моральдық залал 1 000 000 теңгені өндірді, - деп хабарлады Шымкент сотының баспасөз қызметі. 

Шешім заңды күшіне енген.

 

Наверх