Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шымкент тұрғынына алаяқтар қоңырау шалып, жеке деректеріне қол жеткізген. Соның салдарынан жәбірленуші 705 мың теңгесінен қағылған, деп хабарлайды polisia.kz.
2021 жылдың 29 наурызында Шымкент қаласы Полиция департаменті Қаратау аудандық Полиция басқармасының “102” операторына 65 жастағы жергілікті тұрғын арызданған. Ол өз арызында белгісіз біреудің ұялы телефонына хабарласып, өзін Kaspi банк қызметкері ретіне таныстырып, біреудің жәбірленушінің атынан 2 000 000 теңгеге несие ресімдейін деп жатқанын айтып, банк карточкасының мәліметтері мен өзінің жеке басының деректерін біліп алғанын, соңында есепшотында болған 705 000 теңге ақшасын алаяқтық жолмен жымқырып кеткенін көрсеткен.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында осы қылмысты жасауға қатысы бар Қарағанды облысының тұрғынын ұстады. Тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Өз кезегінде шымкенттік полицейлер алаяқтың құрбаны болмас үшін жеке басыңызға қатысты мәліметтерді ешкімге айтпауды, құпия деректерді телефон арқылы белгісіз біреулерге жария етпеуді сұрайды.