Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Төлеби ауданында «Шымкент-Ташкент» автожолын ақылы жүйеге көшіру мәселесі бойынша қоғамдық тыңдау өтті.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ қызметкерлері өңір тұрғындарына ақылы жүйе іс жүзінде қалай жүзеге асырылатыны туралы толық баяндады.
Аталмыш жол учаскесінің ұзындығы – 101 шақырым. Қазір онда пилоттық режимде төлем алудың «ашық жүйесі» іске асырылуда. Бұл аумақта автокөліктердің еркін қозғалуы үшін төлем алу пункттері мен шлагбаумдар болмайды. Төлемді есептеу әрбір өткен аймақ үшін жүргізіледі. Қазіргі уақытта тасжолда бақылау аркалары және жабдықтар орналатылып, мамандар жүйені тестілеуден өткізуде – деді компания өкілдері.
Ұлттық компания өкілдері ақылы жол өтетін аудандардың тұрғындары үшін жеңілдіктер барын хабарлады. Жолды тегін және шектеусіз пайдалану үшін құны 1 мың теңге тұратын жылдық абонемент сатып алу қажет.
Сондай-ақ, «ҚазАвтоЖол» мамандары қоғамдық тыңдау барысында ақылы жолдың артықшылығы туралы кеңінен түсіндірді.
Жиналған қаражат есебінен – жеке сервистік қызмет құрылады, сондай-ақ, аталмыш жолды тәулік бойы бақылау мен патрульдеуді, қарды тазалау, техниканы эвакуациялауды, жол жабынына, көпірлерге, белгілер мен таңбаларға қызмет көрсетуді және жедел жөндеуді жүргізеді. Сонымен қатар, апат пен жол-көлік оқиғаларының салдарын жояды, қиын жағдайға тап болған жүргізушілерге көмектеседі, жол қауіпсіздігінің қазіргі заманғы жүйелерін енгізеді. Ақылы жолдар қызмет көрсетудің жоғары деңгейін: жылы дәретханаларды, дүкендер, кафелер, қонақ үйлер, жанар-жағармай құю станциялары және ТҚС ұсынатын болады – деді «ҚазАвтоЖол» мамандары.
Төлеби ауданының тұрғындары «Шымкент-Ташкент» автожолында ақылы жүйені енгізу бастамасын оң баға берді. Қоғамдық тыңдау барысында аудан тұрғындары «ҚазАвтоЖол» өкілдерін жүргізушілердің ғана емес, жаяу жүргіншілердің де қауіпсіздігін қамтамасыз етуді сұрады.
Түркістан облысы республиканың ең тығыз қоныстанған өңірі екені белгілі. Осыған байланысты «Шымкент-Ташкент» автожолының бойындағы аудан тұрғындарының қауіпсіздігін: жаяу жүргіншілер көпірлерін, жол өтетін жерлерде жарық шамдарын көбірек орнатуды қарастыруды сұрады. Тұрғындардың пікірінше, жаяу жүргіншілер өткелінің жанында бейнебақылау камералары мен жылдамдық өлшеу құрылығыларын орнату артық болмайды.
Сонымен қатар, аудан жұртшылығы жүк көліктерінің жүргізушілері ақылы учаскені айналып өтеді деп қауіптенеді. Салдарынан жергілікті жолдар тез жарамсыз болып қалуы мүмкін деп алаңдайды. Азаматтар елді мекендердің ішкі жолдарында арнайы жол белгілері мен қосымша бейнебақылау камераларын орнатуды ұсынды.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басшылығы тиісті шешімдер қабылдау үшін қоғамдық тыңдаулар барысында азаматтардың айтқан ұсыныстары мен тілектері хаттамаға енгізілді.