Шымкент қаласы аумағын сапалы интернетпен қамту жоспары қандай?

24 Ақпан 2022, 09:07
3163
Бөлісу:
Шымкент қаласы аумағын сапалы интернетпен қамту жоспары қандай?

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Шымкент қаласы аумағын жылдам мобильді интернетпен қамту көрсеткішін 95%-ға жеткізу жоспарланып отыр. 

Ал қаланың талшықты оптика желісі жүргізілген аумағын 75%-ға жеткізу көзделген. Қазір Шымкентте мобилді интернетпен қамту көрсеткіші 91% болып отыр. Жалпы Шымкент аумағын цифрландырудың негізі — сапалы интернетпен қамту жұмысы қалай орындалып жатыр? Тегін Wi-Fi интернет қаланың қай жеріне орнатылған? Бұл жұмыстар тағы жалғаса ма? Осы сауалдарға Шымкент қаласы цифрландыру басқармасының басшысы Әсет Әбдіраханов жауап берді.

— Шымкент қаласын цифрландыру бойынша биылғы жоспар қандай?

— Биылғы басты жоспарымыз — қала аумағын сапалы мобильді интернетпен қамту көрсеткішін 95%-ға, ал талшықты оптикалық байланыс жүргізілген аумақты 75 пайызға дейін жеткізу. Сондай-ақ, қала қауіпсіздігі үшін қаламыздағы бейнебақылау камера санын арттыру. Осы 3 мәселені жоспарлы түрде жүзеге асыру — басты міндетіміз болып тұр. Қазір қалада мобильді интернетпен қамту көрсеткіші — 91%. Былтыр 14 елдімекенді интернетпен қамту үшін базалық станциялар қойдық. Мобайл операторлармен бірге жұмыс істедік. Ал биыл шалғайдағы 11 елдімекенді интернетпен қамту жоспарын құрып отырмыз. Яғни, қаладағы интернет жылдамдығы нашар 11 елдімекенге, атап айтқанда Қызылжар, Достық, Ақниет, Жаңаталап, Мәртөбе, Тоғыс, Елтай, Азат, Тәуелсіздікке 20 жыл, Құрсай, Асар және Тұран шағынаудандарына мобильді байланыстың базалық станциясы орнатылады. Осылайша мұндағы 71 мыңнан астам тұрғын сапалы мобильді интернетке қосылса, қамту көрсеткіші 95%-ға жетеді. Қазір осы бағытта инвесторлармен жұмыс істеп жатырмыз.

— Ал талшықты оптикалық желісін жүргізу бойынша қандай жұмыс атқарылып жатыр?

— Коронавирус пандемиясы басталғалы бұл өте өзекті мәселе боп шықты. Жоспар бойынша, 2020 жылы қала аумағының талшықты оптика желісі жүргізілген аумағын тек 45%-ға жеткізу керек еді. Қазір 60%-ға жеткіздік. Бұған бюджеттен ешқандай қаржы бөлінбейді. Қазақтелеком ұлттық компаниясы және басқа да ірі компаниялар бар. Олар көбінесе көпқабатты үйлер жаққа барады. Шалғайдағы елдімекенде де халық бар ғой. Сондықтан біз инвесторлар тауып, олардың қаражатына талшықты оптика байланысын тартып жатырмыз. Биылға жоспарымыз — қаланы 75% талшықты байланыспен қамту болып тұр. Былтыр жеке инвестор қаржысына 10 елдімекенге талшықты оптика желісі тартылды. 100 мың тұрғын сапалы интернетке қосылды. Ал биыл тағы 15 елдімекенге, атап айтқанда Ақниет, Самал-3, Ынтымақ, Қызылжар, Қарасу, Жайлау, Қарабастау, Забадам, Солтүстік батыс, Мирас, Асар-2, Мәртөбе, Құрсай, Қайнарбұлақ, және Қазығұрт елдімекендеріне талшықты оптика желісі тартылады.

— Шымкент қаласы аумағы қашан 5G интернетпен қамтылады?

— Биыл қаладағы Mega Planet орталығының шатырына бірінші станция қойылмақ. Бұл көбіне мобильді байланыс операторларын жарнамалайтын жоба болады. Мұны да мобайл байланыс операторы өзі қояды. Біз 5G-ді қатты қозғап жатқан жоқпыз. Өйткені қала әлі толыққанды 4G интернетпен қамтылмады. Бұл жұмысты тез аяқтау қиын болуының да себебі бар. Мәселен, Сәуле шағынауданының артында 275-ші және 195-ші орам бар. 300 үйдей тұрады. Ал мобильді байланыс операторлары 300 үйге бола қымбат техникаларын орнатқысы келмейді. Себебі шығынын ақтамауы мүмкін. Біз тым болмаса екі орам ортасына бір антена қойып беру бойынша келіссөз жүргізіп жатырмыз. Бұл да бірдей бола қоймайды, уақыт алады.

— Биылдың басты жоспарының бірі — қаламыздағы камера санын арттыру деп қалдыңыз. Былтыр қалада мыңдаған бейнебақылау камералары қойылды. Қаланы 100 пайыз қамту үшін тағы қанша камера орнату қажет?

— Қала аумағында қоғамдық қауіпсіздікті және жол көлік қауіпсіздігін анықтайтын екі түрлі камера бар. Қоғамдық камера саны — 1979. Ал жол қауіпсіздігін анықтайтын камера саны — 1889. Бұл екеуін қосқанда қаламыздың тек 21%-ын қамтиды. Мұны 100%-ға жеткізу үшін әлі де уақыт керек. Енді камера бағасы да өте қымбат. Бір жылда мұны орындау мүмкін емес. Сол себепті біз 2025 жылға дейін жоспар жасадық. Сол уақытқа дейін қаланың тек 57%-ын бейнебақылау камераларымен қамтимыз. Сонда жыл сайын 1500 немесе 2000 камерадан қосылып отырады.

— Қаңтар оқиғасы кезінде қанша камера сынды?

— Иә, нақтырақ айтар болсам, сол тәртіпсіздік салдарынан 200-ге жуық камера сынды. Оның 60-ын ертеңіне жөндеп, қайта орнаттық. Тағы 143 камера жарамсыз боп қалды. Дегенмен біз оны да мердігер компанияға кепілхат беріп жөндетіп жатырмыз.

— Қаламызда цифрландыру бойынша қай салалар кемшін түсіп жатыр, қай салада алға жылжу бар?

— Өткен жылы қауіпсіздік саласы бойынша бірқатар жұмыс істедік. Бейнебақылау камераларын орнаттық. Үлкен видео-қабырға жасадық. 400 камераның жұмысын бір қабырғаға шығарып қою да оңай шаруа емес. Қаңтар оқиғасында қаладағы қозғалысты сол камералар көмегімен бақылап отырды. Мұның көмегі орасан болды. Бізде білім саласын цифрландыру жағы еліміз бойынша алдыңғы қатарда. Ең әуелі балабақшаға, мектепке тіркеу, білім мекемелеріне жұмысқа тұру сынды қызмет түрлерін 2016 жылы автоматтандырдық. Содан кейін басқа өңірлер бізден үлгі алып жасады. Ал «кемшін сала» деп тұрғын-үй коммуналды шаруашылық саласын айтар едім. Себебі бізде ақылды құрылғылар қойылмай жатыр. Жаңадан салынып жатқан үйлерде баяғы ескі есептегіш орнатады. Енді оларды да түсінуге болады. Барлығы қаржы үнемдеу үшін жасайды. Ал қазіргі заманауи есептегіштер қымбат. Бірақ келешек сонда. Мысалы Нұр-Сұлтан қаласында бір автокөлік келіп, бір көпқабатты тұрғынүйдің көрсеткішін бір сәтте алып кете береді. Біз де сондай ақылды құрылғыларды орнатуымыз керек. Қарапайым ғана көлік жолдарында да кептеліс көп. Ал Алматы мен Нұр-Сұлтан сынды үлкен қалаларда бұл жұмыс автоматтандырылған. Мысалы, ол жақта бағдаршам өзі шешім қабылдайды. Мысалы Тәуке хан мен Қонаев даңғылын алайық. Қонаевта көбірек кептеліс болып жатса, сол көшеге жасылды ұзағырақ жандырып, Тәуке ханға көбірек қызыл беріледі. Сол сияқты бағдаршам өзі шешім қабылдайтын сынды ақылды жобаларды енгізуге жоспар бар. Әрине мұның барлығы қаржыға келіп тіреледі.

— Коммуналдық қызметтерді цифрландыру бойынша қандай жоба бар?

— Біз былтыр i-Shymkent. kz деген портал жасадық. Бұл жай ғана портал емес. Барлық бизнес процестердің барлығын автоматтандырдық. 80-ге жуық коммуналды қызмет түрін автоматтандырып, портал ішіне салдық. 1 сәуірде осы қызметтерді көрсететін фронт-офисіміз ашылады. Бұл жоба бірінші Нұр-Сұлтан қаласында әзірленген. Сол кезде мемлекет басшысы мен премьер-министр тарапынан қалған өңірлердің де осы жобаны іске асыруы жайында бірқатар тапсырма түскен. Біз қазір іске асырып, коммуналдық қызмет түрінің бәрін автоматтандырдық. 1 сәуірден бастап арнайы ашылған фронт-офистен қызмет көрсетеміз. Қазір портал жұмыс істеп тұр. Мәселен, сіз қайталама нарықтан пәтер алдыңыз. Барлық коммуналық қызмет түрі басқа адам атына тіркелген. Сіз соның бәрін суға, газға, жарыққа, жылуға жеке-жеке бармай, жоғарыда айтқан фронт-офиске келіп, бір терезеден 4 жаққа өтініш жіберіп, жауабын ала бересіз. Әлі үгіт-насихат жұмысын бастамадық. Фронт-офистің мекенжайы енді нақтыланды. 1 сәуірде кеңсеміз дайын болады. Сол кезде толыққанды жұмыс бастаймыз. Осылайша онлайн және офлайн түрінде де қызмет көрсетеміз.

— Қаламызда тегін Wi-Fi аумағы қайда орналасқан?

— Қазір қала аумағында 30 қоғамдық орында тегін Wi-Fi қызметі қосылған. Орталық саябақ, Абай саябағы, Тәуелсіздік саябағы, Цитадель, Қошқарата өзені жағалауы, Жеңіс саябағы, Металлургтер саябағы және Дендросаябағында ақылды күнбағыс құрылғылары бар. Бұл ақылды күнбағыс — өте жақсы жоба, бірақ қиратып-сындыратындардың әрекетінен қорғалмаған. Адамдар көбіне аккумуляторын ұрлайды немесе сындырып кетеді. Мұны қайта-қайта жөндей беріп, бұл жобаны ары қарай жалғастырмауға шешім қабылдап, басқа амалын таптық. Wi-Fi тарататын жүйе бар. Біз бағананың басына роутер орналасырамыз. Оны ешкім көрмейді де, байқамайды да. Байқаған күнде қол жетпейтін биікте тұрады. Астында Wi-Fi аймақ деген белгі болады. Былтыр мұны Арбат, Бәйдібек би, Қазына саябағына, Дендросаябаққа, Наурыз алаңы, Шәмші аллеясына, Қызғалдақ субұрқағының маңына, Әкімдік ғимаратының артқы жағындағы саябаққа және Нұрсәт алеясына қойдық. Биыл тағы 9 қоғамдық орынға, яғни 25 нүктеге қоямыз. Сосын қаламыздың барлық қоғамдық жері тегін Wi-Fi-мен қамтылады.

— Халықтың цифрлы сауатын арттыруға арналған жобалар бар ма?

— Жылда цифрлы сауатқа баулу үшін қаржы бөлініп, офлайн сабақ болатын. Ал қазір бұл да автоматтандырылды. i-Shymkent.kz Шымкент қаласының орталықтандырылған қызметтер мен сервистер порталында тіркелсе болғаны, видеолекциялар бар. Қашықтан оқып, тапсырмаладың бәрін уақытылы орындаса, сертификат береді. Біздің портал ақпараттық қауіпсіздік сертификатын алған. 2021 жылы осы портал арқылы 24779 адам цифрлы сауатын арттырды. Негізі біздің жоспарымыз — 12 мың болған. Ал биыл 13 мың адам оқыту жоспарымыз бар. Ешқандай қаржы сұрамай, портал арқылы сауат ашу биыл да жоспардан көп болады деп күтеміз.

Өзгелердің жаңалығы