Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан премьер-лигасының 24-туры тағы шумен аяқталды. Бұл жолы да төрешілердің жұмысына қатысты.
Шымкенттегі ойын қызу талқыға түсіп жатыр. «Ордабасы» өз алаңында «Шахтерді» қабылдаған. Осы матчта бас төреші Болат Сариев қонақтардың қақпасына 2 пенальти белгіледі. Екіншісі, 96-минутта. Соның арқасында алаң қожайындары 3:2 есебімен жеңді. Негізгі уақытқа 5-минут қосып, 96-минутта өте күмәнді пенальти белгілегеніне күйіп кеткен «Шахтер» клубының спорттық директоры Мұрат Тілешев пен бас бапкер Николай Костов алаң ортасына жүгіріп шықты. Бірақ төреші шешімін өзгерткен жоқ.
«Матчтан кейін «Ордабасы» мен «Шахтер» ойынының инспекторы Юрий Ярышевпен және федерацияның төрелік ету және қадағалау департаментінің басшысы Сергей Кенетаевпен сөйлестім. Жақын арада комиссия отырысы өтеді. Сонда осы ойын толық талқыланады. Егер төрешілер бригадасынан қателік кетсе, міндетті түрде жазаланады», - дейді ҚФФ бас хатшысы Азамат Айтхожин.
Дәл Кеншілердің кәсіби мерекесінде ойнап, жеңіс сыйлағысы келген «Шахтердің» жоспары осылайша күрт өзгерді. Егер, қазақ футболын дамығанын қаласақ, бұлай жалғаса беруге болмайды. Бұл тек «Ордабасы» мен «Шахтер» матчына қатысты емес, жалпы отандық футболда жиі кездесетін жағдай екені өтрік емес.
Ал «Ордабасы» командасының бас бапкері Кахабер Цхададзенің ойы мүлдем бөлек.
«Шынымды айтсам, бүгін ойынды 7:2 немесе 8:2 есебімен жеңуге болар еді. Біз бұл ойынға өте жақсы дайындалдық. Әрине, біздің команданың қорғаушылары осыған дейін өте сауатты ойнап жүрген. Бұл жолы болмайтын жерден қателесті. Соның салдарынан 2 гол жібердік. Алайда, қайтадан еңсемізді тіктеп, тығырықтан жол тауып шыға алдық. Қаншама қауіпті сәттер болды. Менің ойымша, «Шахтердің» қақпашысы спорттық карьерасындағы ең мықты ойынын бүгін өткізген шығар. Ойын барысында қақпашы 7-8 рет бәлкім оданда көп сейв жасады. Қаншама доп қақпа бағанасына тиіп кері қайтты. 96-минутта өз мақсатымызға жетіп жеңіс голын салдық. Біздің команданың қорғанысы тұрақты деп айтамыз. Солай бола тұра қорғанысымыз сыр берді.Бұл күрделі мәселені арнайы талқылайтын боламыз. Маңызды деген үш ұпайға ие болып, көшбасшылыққа таласымызды тоқтатпай жалғастыра береміз. Соңына дейін бас жүлдеге таласамыз», - дейді «Ордабасының» бас бапкері Кахабер Цхададзе.
«Ордабасы» (Шымкент) – «Шахтер» (Қарағанды) – 3:2
Голдар: Диакате, 22-пенальтиден (1:0). Лувага, 50 (1:1). Лувага, 59 (1:2). Щеткин, 70 (2:2). Диакате, 90+9-пенальтиден (3:2).