Шымкент мұнай өңдеу зауытындағы жөндеу жоспарлы мерзімінен бұрын аяқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
7 сәуірде Шымкент МӨЗ-і («ПҚОП» ЖШС) жоспарлы-алдын ала жөндеу жұмыстарын аяқтады.
Кестеге сәйкес кәсіпорындағы жөндеу жұмыстары осы жылдың 15 наурызынан 8 сәуіріне дейін жүруге тиіс еді. Алайда «ПҚОП» ЖШС жұмысты мерзімінен бұрын аяқтап, ішкі нарық үшін өнім шығара бастады. Жоспарға сай сәуірде ПҚОП 366 мың тонна мұнай өңдеуі қажет. Бензин өндірісі 110,1 мың тонна, дизель отыны – 114,8 мың тонна, сұйытылған мұнай газы – 15,1 мың тонна, әуе отыны – 19,3 мың тонна, мазут – 77,6 мың тонна көлемінде жоспарланып отыр, - деп хабарлайды ҚР Энергетика министрлігі.
Барлық жөндеу жұмыстары уақтылы, ал кейбірі уақытынан бұрын орындалғанын атап өткен жөн.
2022 жылдың қорытындысы бойынша «ПҚОП» ЖШС рекордтық көлемде 6,2 млн тонна мұнай өңдегенін еске сала кетейік.
Бұдан бұрын Мемлекет басшысы зауыттың өндірістік қуатын арттыру және мұнай өңдеу көлемін жылына 12 млн тоннаға дейін ұлғайту міндетін қойды.