Былтыр SCAT Airlines әуе компаниясы іске қосқан Шымкенттен Каирге тікелей рейс қазір қолданыстағы ұшу кестесінде уақытша жоқ, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұған дейін рейстер аптасына екі рет Boeing 737-800 және Boeing 737 MAX 8 ұшақтарымен орындалып келген.
Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, бұл бағыт маусымдық саналады әрі тек жолаушылар сұранысы тұрақты болған жағдайда ғана орындалады. Ұшақтағы орындардың толу деңгейі төмендесе, рейстер уақытша тоқтатылады. Ведомство мұны азаматтық авиациядағы қалыпты тәжірибе екенін атап өтті.
Сондай-ақ басқарма Шымкенттен өзге халықаралық бағыттар, оның ішінде Еуропаға қатынайтын маршруттар да жабылуы мүмкін деген қауесеттерді жоққа шығарды. Мамандардың айтуынша, рейстердің кестесі жолаушылар ағынына, экономикалық тиімділікке және әуе компанияларының шешімдеріне қарай қалыптасады.
Бұған дейін Қазақстан 15 халықаралық бағытты ашып, қайта жандандыруды жоспарлап отырғаны, олардың бір бөлігі Шымкенттен орындалатыны хабарланған еді. Сонымен қатар биыл Шымкент, Ақтау, Ақтөбе және Атырау әуежайларында паспорттық бақылаудан өту процесін жеделдету үшін Q-gate жүйесі енгізіледі.