Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еліміздегі басты офицерлік құрамды даярлайтын армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтын тәмәмдаған жас офицерлер құрамы Шымкент гарнизоны әскери бөлімдерінің қатарын толықтырды.
Қазіргі уақытта әскери оқу орындарының түлектері Шымкент гарнизонындағы механикаландырылған бригадасындағы лауазымға тағайындалар алдындағы оқу-әдістемелік жиынын өтуде.
Жиынның басты мақсаты – жас офицерлердің жаңа лауазымға кірісер алдындағы қажетті білімді меңгеруге, жеке құраммен оқу-жаттығу үдерісін және тәрбие жұмыстары мен әлеуметтік-құқықтық шараларды сапалы ұйымдастыруға бағыттау болып табылады.
Жиын барысында жас лейтенанттардың жылдан жылға теориялық дайындығы мен кәсіби әзірлігінің артып келе жатқанын байқауға болады. Әрбірінің бойынан еліне деген отансүйгіштік пен рухты нағыз отан қорғаушыны көруге болады. Олар алдағы уақытта еліміздің қорғанысын нығайтуда және қызмет барысында өздерін жоғары деңгейде көрсететініне сенімдімін, - дейді жиын бастығы подполковник Дастан Мұхамеджанов.
Жиын соңында жас офицерлер өздерінің алғашқы лауазымдарына тағайындалып, өз міндеттерін орындауға кіріседі.