Шымкент Дендросаябағы 150-ге жуық жаңа ағаш түрімен толығады

2 Наурыз 2021, 06:40
1862
Бөлісу:
Шымкент Дендросаябағы 150-ге жуық жаңа ағаш түрімен толығады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл А.Асқаров атындағы дендрологиялық саябақтың жасыл желегін Орта Азия елдері мен Ресейден алынатын 144 түрлі интродуцент ағаш түрімен толықтыру жоспарлануда. Бастапқы кезеңде 57 түрлі ағаш-бұтаның тұқымы егіліп, жерсіндіру жұмыстары жүргізіледі, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Өткен жылы кәсіпорынның гендік қорын көбейту мақсатында, интродуценттің 115 түрі егілген болатын. Қазіргі таңда саябақ аумағында 100,0 мыңнан астам ағаш-бұтаның 406 түрі өсіп тұр. Оның ішінде, Қазақстанның Қызыл кітабына енген өрік, Іле бөріқарақаты, кавказ таудағаны, Зеравшан аршасы, недзвеция алмасы, сиверс алмасы, соғды шағаны атты 7 түрлі ағаш бар. Оған қоса сирек кездесетін 61 түрлі ағаш тіркелген, – делінген баспасөз мәліметінде.

Сонымен қатар, саябақ ішіндегі тұқымбақтың жалпы көлемі 1,5 га аумақты құрайды. Онда қазір 23 түрден 11392 дана көшет өсірілуде. Тұқымбақтың өзі екіге бөлінген. Негізгі тұқымбақта 2638 қылқан жапырақты, 3382 жай жапырақты және 599 дана өзге көшет түрлері өсіп тұр.

Көшет түрлерін көбейту мақсатында өткен жылы 32 түрлі ағаш-бұта түрінен 228 кг тұқым негізгі тұқымбаққа себілген. Ардагерлер аллеясындағы тұқымбақта қылқан жапырақтылар мен жапырақты ағаштардың тұқымынан өсірілген 2-3 жылдық көшеттерді кездестіруге болады.

Гендік қорды көбейту және сақтап қалу үшін күз мезгілінде 0,03 га құрайтын жылыжай қалпына келтіріліп, тұқымынан және жасыл қаламша арқылы өсіру жұмысы жүргізілді. 2020 жылы қаладағы әлеуметтік нысандарды абаттандыруға дендросаябақтан 5000-нан астам көшет берілген.


Өзгелердің жаңалығы