Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шымкент қаласы Нұрсәт шағын ауданында тозығы жеткен 57 аулаға абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Қазір тұрғын үй аулаларына заманауи үлгідегі балалар алаңшалары мен жаттығу тренажерлары орнатылып жатыр, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметінен.
Бұл жұмыстарды "Бай-Болашақ" ЖШС мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүргізуде. Сонымен қатар ауданда жергілікті бюджет есебінен тағы 8 аула абаттандырылып отыр.
Қала әкімі Мұрат Әйтенов шағын аудандағы құрылысы жүріп жатқан абаттандыру жұмыстарын тексеріп, жергілікті халықпен кездесті. Тұрғындар аулаларының абаттандырылып, балалар алаңшаларының бой көтеріп жатқанына ризашылық білдірді.
Измир көшесі бойындағы көпқабатты үйлердің абаттандыру жұмыстарымен танысқан қала басшысы аудан әкіміне абаттандыру жұмыстарының жобасына автотұрақ кеңістігін кеңейту жайын қарастыруды тапсырды. Бұдан бөлек, қала басшысы құрылысты қала тұрғындарына ыңғайсыздық туғызбай және жұмыстың сапалы орындалуы қажет екенін айта өтті.
Қазірде аудан аумағындағы Нұрсәт ш/а, Тұран ш/а, Мирас ш/а, Достық т/а, Қайнарбұлақ т/а, Қайнарбұлақ саяжайында жаңадан 10 ашық спорт алаңшалары орнатылып жатыр. Ондағы құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес "Алем Строй-1" ЖШС тарапынан жүргізілуде.