Мұқтажыңызды Үкіметке жібереміз – Шымкент әкімдігі көпбалалы аналарға

16 Ақпан 2019, 17:09
4177
Бөлісу:
Мұқтажыңызды Үкіметке жібереміз – Шымкент әкімдігі көпбалалы аналарға

Фото:  otyrar.kz

Шымкент қаласы және Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Шымкент әкімдігі көпбалалы аналардың мұң-мұқтажын, ұсыныс-тілектерін жазып, оны Үкіметке жолдап жатыр. Ал Үкіметтегілер сол ұсыныс-тілектерді қарап, 1 наурызға дейін барлық мәселені шешудің жолын ұсынады. Бұл туралы бүгін Шымкент қаласы әкімдігінің Үлкен мәжіліс залына жиналған көпбалалы аналармен кездесу барысында қала әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова айтты.

Бүгін таңнан бастап Шымкент қаласы және Түркістан облысының көршілес аудандарынан жүзден астам көпбалалы ана қала әкімдігі ғимаратының екінші қабатындағы Үлкен мәжіліс залына жиналды. Олардың бәрі де Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың күні кешегі есеп беру жиынында «16 ақпан күні сағат 11:00-де көпбалалы аналармен кездесу өткіземін» деген шақыртуын естіп келген.

Мұқтажыңызды Үкіметке жібереміз – Шымкент әкімдігі көпбалалы аналарға

Олармен қала әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нұртай, орынбасарлары Гүлжан Құрманбекова, Бауыржан Мамытәлиев, Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараев, «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов және басқарма басшылары кездесті.

Кездесу барысында залда жиналған көпбалалы аналардың тізімі жасалып, оларға ақ қағаз таратылды. Әрбір ана берілген парақтарға мұң-мұқтажын, мәселесін, ұсыныстары мен сауалдарын жазды.

Қала әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекованың айтуынша, қағазға түскен әрбір мәселе қаралады. Ұсыныс әзірленіп, Үкіметке жолданады.

Мұқтажыңызды Үкіметке жібереміз – Шымкент әкімдігі көпбалалы аналарға«Көпбалалы отбасылардың басындағы жағдайды шешу үшін қала әкімдігі атынан Үкіметке ұсыныс беріп жатырмыз. Барлық мұң-мұқтажыңызды жинаймыз, тіркейміз. Қайсысына қандай көмек көрсету керегін қарап, «осы кісіге көмек көрсету үшін мына заңға өзгеріс енгізу керек» деп Үкіметке ұсынамыз. Тек мысалымен беріп қана қоймай, қандай заңның қай бабына, қай тармағына өзгеріс енгізу керегін көрсетеміз. Күн сайын аналармен кездесіп, мұң-мұқтажын жазып аламыз. Сол кезде мәлім болған жағдайларға қатысты ұсыныс әзірлеп, оларды Үкіметке жіберіп отырмыз. Бүгінгі ұсыныстарды алдағы дүйсенбіде Үкіметке тағы да жібереміз. Үкіметтегілер сол ұсыныстарды 1 наурызға дейін толық қарап, сосын бекітеді. Осы жергілікті деңгейде шешілетін мәселелерді де қарап жатырмыз. Бәріңіздің тізімдеріңізді жасадық. Сіздердің мұң-мұқтаждарыңызды жазамыз. Сосын қай мәселе қалай шешілетінін қарап, заңмен көмектесе алуға болатынын заңмен шешіп, қалалық бюджеттен, республикалық бюджеттен қаржы қарастырамыз. Жоғарыда айтқанымдай, заңға сәйкес келмейтін мәселелерді Үкіметке ұсынамыз. Мысалы, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне кезексіз үй беру туралы ұсынысты Үкіметке жолдадық. Ол жақтағылар қарап жатыр. Мүмкіндігі шектеулі баласы бар аналар мүмкіндігі шектеулі бала күтіміне берілетін жәрдемақыны отбасының табыс көзіне кіргізбеуді айтты. Осы ұсынысты да Үкіметке жолдадық. Тағы бір жайт, қаладағы баспана кезегінің барлығын тоқтатып, ең алдымен мүмкіндігі шектеулі азаматтар, көпбалалы аналар, жалғызбасты аналар, тұрмыс жағдайы төмен аналарға баспана беру үшін басқа бағыттардың кезегін тоқтату жөнінде Заңға өзгеріс беруге ұсыныс енгіздік. Соған қарамастан, қала әкімі Заңға өзгерісті күтпестен шешім қабылдап, тапсырма берді. Осындай ата-аналарға бірінші кезекте баспана беріп, бюджеттік қызметкерлердің кезегін тоқтата тұру жөнінде шешім қабылдады.15 адамнан тұратын жұмыс тобын құрдық. Оның құрамына қалалық мәслихат депутаттары,«Нұр Отан» партиясының, прокуратура, полиция департаментінің өкілдері және қала әкімі аппаратының қызметкерлері кіреді», - деді Гүлжан Құрманбекова.

Жәнібек Нұрыш
Өзгелердің жаңалығы