Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік соты 2020 жылдың бірінші жартыжылдығын қорытындылады.
Осы жылдың алғашқы алты айында қалалық мамандандырылған әкімшілік сотына 4106 әкімшілік іс түсіпті. Ал өткен жылдың бірінші жартысында 5 342 әкімшілік іс түсіпті. Бұл туралы аталған сот төрағасының міндетін атқарушы Әбдіғаппар Бекназаров мәлімдеді.
Жоғарыда айтылған 4 106 әкімшілік істің 3 887 әкімшілік ісі негізімен қаралып, 293 іс өндірістен қысқартылып, соның ішінде 119 іс медиатордың қатысуымен, яғни тараптардың татуласуына байланысты қысқартылды. Сот қаулысымен 1999 әкімшілік іс бойынша айыппұл салынды. Айыппұл соммасы 204 039 911 теңгені құрады. 697 іс бойынша ескерту түріндегі жаза, 608 іс бойынша әкімшілік қамаққа алу әкімшілік жазасы қолданылды. 342 іс бойынша жүргізушілерге көлiк құралдарын басқару құқығынан айыру туралы қаулы қабылданған. Ал 76 әкімшілік іс бойынша шет ел азаматтарының Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін Қазақстанның шегiнен әкімшілік жолмен шығарып жiберу туралы шешім қабылданды. 21 әкімшілік іс бойынша әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау салдарынан алынған мүлiктi тәркiлеу туралы қосымша жаза қабылданды, - дейді Әбдіғаппар Бекназаров.
Өткен алты айда әкімшілік істер бойынша құзырлы мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары қателіктерге жол бергені үшін судьялар 82 іс бойынша жекеше қаулы қабылдаған. Кемшіліктерге жол берген жауапты қызметкерлерге шара көретін тиісті мекемелерге жолданған. Бүгінгі күнге дейін жекеше қаулылардың 59-ы орындалыпты. Тағы 23 қаулы орындалып жатыр екен.
Биылғы коронавирус пандемиясы кезіндегі карантин шектеулері енгізілсе де, соттың жұмысы тоқтамады.
Төтенше жағдай режимі енгізілген 16 наурыз - 11 мамыр күндері аралығында төтенше жағдайдағы шектеулерді бұзғаны үшін Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабымен 1015 әкімшілік іс, 478-бабымен 4 әкімшілік іс, жалпы 1019 адамға қатысты әкімшілік іс қаралды. Әрекетінде әкімшілік құқық бұзушылықтың құрамы болмауына байланысты 68 әкімшілік іс бойынша тұлғалар жауапкершіліктен босатылған. Ал 3 әкімшілік іс ведомстволық бағыныстылығы не соттылығы бойынша негізімен қарау үшін уәкілетті органдарға жолданды. Төтенше жағдайдағы шектеулердің талаптарын сақтамағаны үшін 109 адамға әкімшілік қамаққа алу, 204 адамға қатысты 10 АЕК мөлшерінде әкімшілік 5 477 040 теңге айыппұл, 635 адамға қатысты әкімшілік істер бойынша ескерту түріндегі әкімшілік жазалар тағайындалған. Төтенше жағдай енгізілген кезден бастап барлық сот отырысы цифрландыру мүмкіндіктерін қолдана отырып скайп және трюконф бағдарламасы арқылы онлайн тәртіппен қаралуда, - дейді Бекназаров.
Оның айтуынша, казіргі карантин кезінде тiркелмеген, қолдануға рұқсат етiлмеген дәрiлiк заттар мен медициналық бұйымдарды заңсыз сатумен айналысқан жеке және заңды тұлғаларға қатысты ӘҚБтК-нің 426-бабы 3-бөлігімен әкімшілік істер қаралып жатыр.
Бұл істер бойынша тiркелмеген, қолдануға рұқсат етiлмеген дәрiлiк заттарды мемлекет пайдасына тәркілей отырып, жеке тұлғаларға – 100, лауазымды адамдарға – 150, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 200, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 300, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 1500 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді, - дейді Бекназаров.