Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Пазылов мәлімдеді.
Оразаны ескере отырып, қала тұрғындарына ыңғайлы болуы үшін вакцина салу уақытын сағат 08:00-ден 00:00-ге ұзарттық. Одан бөлек егу пунктілерін көбейтіп, оның саны 45-ке жетті. Яғни, бүгін қаладағы «Rahima-PLAZA» сауда орталығында егу пункті ашылды. Бұл жылжымалы егу орындарынан бөлек, 25 мобильдік топ жұмыс істеуде. Оған қоса вакцинаның тиімділігі туралы түсіндірме жұмыстары қарқынды жүргізіліп отыр, – деді басқарма басшысы.
Спикердің сөзінше, қазір қалада екпенің І компоненті 103 360 адамға, ІІ компоненті 12 358 адамға егілген. Оның ішінде медициналық қызметкерлер – 12 274, мұғалімдер – 18 851, құқық қорғау қызметкерлері – 8 572, созылмалы аурулары бар азаматтар – 5 927, студенттер – 3 085 және өзге санаттағылар 54 201-ді құрады. Ал вакцина қоры жеткілікті. Шаhар тұрғындары отандық «QazVac» немесе ресейлік «Спутник V» екпелерінің қалағанын салдыра алады.
Брифинг барысында Бақытжан Жолдасбекұлы коронавирус індетін жеңудің жалғыз жолы екпе салдыру екенін жеткізді. Бұл ретте ол қала тұрғындарын жаппай вакцинациялауға шақырып, осы арқылы ұжымдық иммунитет қалыптасатынын айрықша атап өтті.
Еске салсақ, коронавирусқа қарсы екпе егу оразаны бұзбайды. Ал вакцинация бойынша сауалдарға байланысты «109» немесе 39-33-47 нөміріне хабарласуға болады.
Айта кетейік, Шымкент қаласында эпидемиологиялық ахуал қалыпты болып тұрған жоқ. Өткен тәулікте Covid-19 инфекциясын жұқтырудың 105 жағдайы тіркелген.