Шымбұлақ ТМД-дағы ең үздік тау шаңғы курорты деп танылды. Алматыдағы демалыс орны 150 курорттың ішінен оза шығып, бұл марапатты қатарынан үшінші рет иеленді, деп хабарлайды BAQ.KZ Almaty.tv мәліметіне сүйеніп.
Шымбұлақ – Алматы туризмінің көшбасшысы. Туристер ең көп келетін орындардың көшін дәл осы тау-шаңғы курорты бастап тұр. Өткен жылдың өзінде мұнда 1,5 миллионға жуық адам келген. Теңіз деңгейінен 3200 метр биіктікте орналасқан мекенде халықаралық деңгейдегі спорттық шаралар ұйымдастырылып, туристерге сапалы қызмет ұсынылады.
Биыл курортта жаңа бугельді көтергіш орнатылып, балаларға арналған жолға қар генераторлары қойылды. Ортаңғы алаңда қайта жаңарту жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ қазіргі уақытта жаңа ақпараттық орталық пен кафе орналасатын павильонның құрылысы жүріп жатыр. Жыл сайын курортқа келушілер саны артып келеді. Осыған байланысты болашақта курортты кеңейту жоспарланып отыр, – деді "Шымбұлақ" тау курортының pr менеджері Светлана Гамолина.
Алатау баурайындағы сырғанау алаңы демалушылар үшін жыл он екі ай ашық. Күніне 6000-ға жуық қонақты қабылдайтын курортта тау шаңғы мектебінің 100-ден астам білікті маманы қызмет көрсетеді. Олар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде сабақ беріп, жыл сайын 40 000-нан астам жаттығу өткізеді. Бұл – Алматыдағы жоғары деңгейдегі сервистің дәлелі.
Тау шаңғысы мектебінде 100-ден астам сертификатталған инструктор жұмыс істейді. Олар ересектерге де, балаларға де кәсіби деңгейде қызмет етеді. Мектептің білікті мамандары халықаралық жарыстарға да тұрақты қатысып келеді. Сондықтан курортқа келушілер үшін мұнда демалу әрі үйрену қауіпсіз және ыңғайлы, – деді Спорттық және тау белсенділіктері департаментінің жетекшісі Ирина Жердева.
Алматыдағы туризмнің ошағы саналатын курорт – тек ересектердің ғана емес, балалардың да сүйікті орыны. Мұнда 3 айдан 12 жасқа дейінгі бүлдіршіндер үшін арнайы демалыс аймағы құрылған. Балалар аниматорлардың бақылауында ойнап, уақытын қызықты өткізсе, ата-аналар тынығып, демалыстың ләззатын сезінеді.
Айта кетейік, күніне 6000-нан астам турист келетін Шымбұлақ қазақстандықтар мен шетелдіктердің сүйікті орнына айналған.
Шымбұлақ болашақта жаңа бағыттарға кеңейеді. Тау шаңғы курортын Пионер және Ой-Қарағаймен байланыстыру жоспарланған. Биыл үйлестіру жобалары жүзеге асырылып, 2026 жылы Алматы шыңына аспалы жол құрылысының бірінші кезеңі басталады.