Алматы, BAQ.KZ, тілшісі. Бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында «Шымбұлақ департамент» ЖШС-нің маркетинг департаментінің басшысы Владислав Семенов Шымбұлақ пен ресейлік курорт арасында ынтымақтаса жұмыс істеу туралы меморандум жасалғанын мәлім етті.
Оның айтуынша, Шымбұлақ тау курортын дамыту жолында көптеген жұмыстар атқарылуда, солардың бірі жақында жасалған морандум екен.
«Өткен жылдың қазан айында ресейлік «Роза Хутор» тау курорты бізді іскерлік кездесуге шақырды. Сол сапар барысында ынтымақтаса жұмыс жасау келісімін жасадық. Бұл меморандум аясында туристермен алмасып, тәжірибе жинақтайтын боламыз. Бізге келгедер ресейлік курортпен танысады, онда барғандар Шымбұлақ жайлы мәліметтер алып отырады. Сондай-ақ жыл сайын «серіктестік күнін» өткізіп отырамыз. Мұның барлығы Шымбұлаққа туристерді көптеп тартып, қызмет сапасын жоғарылатуға өз септігін тигізеді2,-дейді В. Семенов.
Сондай-ақ ол «Роза Хутор» тау курорты 2014 жылғы Олимпиада алдында құрылған жас курорт екенін айтып өтті.
«Ресейлік тау курорты жылына 2,2 млн турист қабылдаған, оның 50 пайызы жаз мезгілінде болған. Сондықтан турист тарту тұрғысында олардан үйренеріміз көп деп ойлаймын»,-деді ол.
Өткен жылы Шымбұлақ тау курортына 800 мыңға жуық турист келген.