«Жайлы мектеп» жобасы аясындағы нысанның бірі – Өскемен қаласында Тимофеев көшесінде орналасқан 300 балаға арналған білім ошағының дайындығы 80 пайызға жуық, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Altainews.kzтің мәліметі бойынша құрылыс басында "AN groups" ЖШС мердігерлік ұйымы мамандары жоспарлы жұмыстар кестеге сай жүзеге асырылуда.
Бүгінгі күні білім ғимаратында қасбетті монтаждау, шатырды жабу жұмыстары, ішін әрлеу, ішкі инженерлік желілерді тарту, аумақты абаттандыру, технологиялық жабдықтармен жарақтандыру жұмыстары жүргізілуде. Алаңішілік инженерлік желілерді тарту аяқталды. Құрылыс-монтаж жұмыстары кестеге сай жүргізіліп келеді. Нысанда 167 жұмысшы сағат 8.00-ден 22.00-ге дейін жұмыс істейді. Құрылыстың аяқталу мерзімі ағымдағы жылдың 25 желтоқсанына дейін деп жоспарланған, - деп хабарлайды облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының баспасөз хатшысы Арайлым Кенжеғұлова.
Жергілікті атқарушы орган өз кезегінде мектептерді инженерлік-коммуникациялық желілермен қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта барлық мектептер бұл тұрғыда қамсыздандырылып отыр.
Облыста "Жайлы мектеп" Ұлттық пилоттық жобасы аясында үш мың орындық жеті мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде барлығы 1800 орындық төрт мектеп ағымдағы жылдың 25 желтоқсанына дейін пайдалануға берілуге тиіс. Барлығы 1200 орындық тағы үш мектептің құрылысы келесі 2025 жылға ауысады.
Бұл мектептердің ерекшелігі - бастауыш және жоғары сыныптарға арналған оқу блоктары бөлек болмақ. Бұл қауіпсіздік деңгейін арттыру үшін тиімді тәсіл. Әр мектепте психолог және логопед кабинеттері, робототехника және биотехнология кабинеттері, STEM-зертханалар, хореография залдары, коворкинг бұрыштары, кіші және жоғары буын оқушыларына арналған жеке спорт залдары қарастырылған. Ал 600 оқушыға арналған жобаларда бастауыш және орта мектептерге арналған қосымша спорт залдары салынады.