Қараша айы бойынша өңір тұрғындарының көмірмен қамтамасыз етілуі шамамен 97 %-ды құрайды. Қазіргі уақытта темір жол тұйықтарында 17 мың тонна қатты отын қоры бар, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Аltaynews жазды.
Жыл сайын өскемендіктер көмір алу үшін ұзын-сонар кезекке тұруға мәжбүр болатын. Ондай жағдайлардың алдын алу үшін биыл қалада тұйықтардың саны артты. Қазір 4 тұйықта Майкөбе кен орны мен "Қаражыра" кен орнының көмірі тоннасына 11900 теңгеден және 17000 теңгеден сатылып жатыр.
-Бүкіл жылыту маусымында көмірдің жалпы қажеттілігі 2 миллион 715 мың тоннаны құрайды. ЖЭО және басқа да жылу көздерінде отынның жеткілікті қоры бар, - деп атап өтті ШҚО энергетика және ТКШ басқармасының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Самат Сүлейменов.
Жалпы өңір бойынша қазір 14 теміржол тұйығы жұмыс істейді, бірақ Зайсан, Самар және Тарбағатай ауданының тұрғындары үшін жеткізу жеке автотасымалдаушылардың қаражаты бойынша жүріп жатыр.