Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Шығысқазақстандық құрылыс материалдарын өндірушілер осы саладағы отандық өнімнің үлесін арттыру мақсатында ірі мердігер компаниялармен кездесіп, әріптестікті арттырды.
Облыс әкімінің орынбасары Шәкәрім Бұқтұғұтовтың басшылығымен онлайн форматта өткен кездесуге өңірлік Кәсіпкерлер палатасы бастамашылық жасады. Отандық құрылыс материалдарын, бұйымдарды, құрылғылар мен әртүрлі конструкцияларды өндірушілерді қолдау мақсатында ұйымдастырылған дөңгелек үстел отырысы негізінен өңірдегі өндірушілер мен мердігерлер арасындағы байланысты арттыруға бағытталды.
Отандық құрылыс материалдарын өндірушілерді қолдау мақсатында кеңеске бүгінде 74 құрылыс нысанында жұмыс істеп жатқан мердігер мекемелердің өкілдері шақырылды. Сонымен қатар шараға облыстық сәулет, қала құрылысы және құрылыс басқармасы, Өскемен, Семей, Риддер қалалары мен Бесқарағай, Зайсан, Көкпекті, Ұлан, Үржар, Тарбағатай, Шемонаиха аудандарының құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдері сынды мемлекеттік тапсырыс берушілер де қатысты.
Облыстық сәулет, қала құрылысы және құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Арман Байбұловтың хабарлауынша, биылғы жылы өңірде 156 құрылыс жобасын іске асыру көзделсе, оның 22-сі «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2021» бағдарламасы арқылы іске асатын көрінеді. Сондай-ақ, құны 100 млн теңгеден асып жығылатын 134 жобаны жүзеге асыру көзделген.
Бизнес субъектілерімен жұмысты жоспарлау мақсатында 156 жоба бойынша сметалық құжаттама облыстық құрылыс басқармасының ресми сайтында жарияланған, - деді Арман Байбұлов.
Жалпы құны 100 млн теңгеден асатын ірі құрылыс нысандарының және «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2021» бағдарламасы аясында салынып жатқан құрылыстардың негізгі құрылыс материалдарына, бұйымдарға, құрылғылар мен конструкцияларға деген қажеттілігі туралы ақпарат кездесудің барлық қатысушыларына алдын ала жолданды. Осылайша, кәсіпорындарға өздері шығаратын өнімдердің қажеттілігін аталмыш нысандар бойынша анықтап, жобаның атауын, материалдардың жеткізілу көлемі мен бағасын көрсете отырып, тапсырыс берушілер мен мердігерлерге өз ұсыныстарын беруге мүмкіндік жасалды.
Шара аясында бірнеше ірі кәсіпорындар өз өнімдерін таныстырып, мердігерлерге тауар ұсыну әлеуеті жайында хабарлады. Кездесу қорытындысы бойынша облыс әкімінің орынбасары Шәкәрім Бұқтұғұтов бірқатар тапсырмалар берді. Өстіп, құрылыс жобаларының тапсырыс берушілері болып келетін аудан, қала әкімдіктері жобалық-сметалық құжаттамаларына отандық құрылыс өнімдерін барынша енгізуі қажеттігі айтылды. Сондай-ақ, облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы өңірдегі отандық тауар өндірушілер өнімдерінің каталогын дайындауға, ал құрылыс басқармасы өз кезегінде құрылысшыларға жергілікті тауар өндірушілер туралы ақпаратты жеткізуге міндеттелді.
Кездесуде мұндай дөңгелек үстел отырыстарын тең қана құрылыс емес, сондай-ақ басқа да салалар бойынша дәстүрлі түрде өткізіп отыру жайлы келісілді. Оның үстіне, кәсіпкерлер палатасының бұған дейін «Казцинк» және «Востокцветмет» сынды қалақұраушы кәсіпорындармен осы бағытта өткізген жұмыс тәжірибесі бар. Олардың бизнес салаға берер әсері де айшық. Сол себепті, мемлекеттік тапсырыс берушілер мен жергілікті тауар өндірушілер арасындағы әріптестік өз жемісін беріп, Шығыс Қазақстандағы кәсіпкерлік әлеуетінің артуына септігін тигізетіні анық, - деді өңірлік Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Қайрат Мамырбаев.