Соңғы жылдары Глубокое ауданына көшіп келушілер есебінен халық саны өскен. Осы ретте ауданның ірі үш елді мекенінде жаңа мектептер салынады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Глубокое ауданының әкімі Эльдар Тұмашинов Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен кезекті брифинг барысында айтты, деп жазды Altaynews.
Қоныс аударушылар ауданның Белоусовка, Опытное поле және Прапорщиково секілді елді мекендерге жиі қоныс тебетін көрінеді. Осы себепті аталмыш ауылдарда бала саны да көбейіп, орта білім ордаларына деген қажеттілік артып отыр.
Мұны ескерген өңір басшылығы ел аумағында жүзеге асырылатын «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша жоспарланған он мектептің үшеуін аталған елді мекендерде салмақшы. Яғни алдағы екі жыл төңірегінде Глубокое ауданында 900 оқушы орнын қамтитын үш орта білім ордасының ғимараты бой көтермек. Атап айтсақ, Белоусовка кенті мен Опытное поле және Прапорщиково ауылдарында 300 орындық мектептер салынады.
Қазіргі уақытта білім ордаларының салынатын учаскелері анықталып та қойған.
Биыл Белоусовка кенті мен Опытное поле ауылындағы екі мектептің жобалау және құрылыс жұмыстары басталып, келер жылы пайдалануға беріледі. Ал Прапорщиково ауылындағы білім ордасының құрылысы келер жылы басталып, 2025 жылы пайдалануға берілмек. Жалпы, бүгінде ауданда мектептердің жетіспеушілігі айқын сезілуде. Бұған халық санының артуы да себеп, – дейді аудан басшысы.