Абай облысында жол апаты салдарынан мерзімді әскери қызметші мен оның ата-анасы қаза тапты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметіне мәлім еткендей, қайғылы оқиға 28 маусымда болған.
Құрлық әскерлерінің қолбасшылығы 2025 жылғы 28 маусымда Аягөз гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде қызмет атқарған мерзімді әскери қызметші мен оны сейілдемеден алып келе жатқан ата-анасы жол-көлік оқиғасы салдарынан қайғылы қаза тапқанын зор күйзеліспен хабарлайды, – делінген ресми хабарламада.
Сондай-ақ, ведомство өкілдері қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтып, қолдау білдіретіндерін жеткізді.
Аталған факті бойынша уәкілетті органдар тергеу жүргізуде.
Құрлық әскерлерінің қолбасшылығы тарапынан барлық тиісті көмек көрсетіледі. Қаза тапқандардың денелерін тұрғылықты жеріне жеткізу үшін әскери әуе көлігі бөлінді, – деп мәлімдеді Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметі.