Абай, Өскемен, Павлодар, Аягөз, Үшарал гарнизондарының әскери бөлімдерінен жүзден аса балуан жеті салмақта бақ сынасты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
"Шығыс" ӨңҚ әскерлері қолбасшысының орынбасары полковник Бекболат Ғабдуллин атап өткендей, қазақ күресінен Құрлық әскерлері бас қолбасшысының кубогына өткен сайыстың нәтижесі бойынша алдағы чемпионатқа қатысатын команда құрылады.
Қазақ күресі – ептілік пен табандылықты ғана емес, ерік-жігерді де дамытатын ұлттық спорт түрі. Бастапқыда бұл күрес қазақ батырларының күш-қуатын мен батылдығын көрсеткен. Осындай сайыстар жарқын белдесулермен есте қалады және мықты жас спортшылардың есімдері белгілі болады, – деді полковник Б. Ғабдуллин.
Жарыс қорытындысы бойынша 55 келі салмақта артиллерия бригадасының құрамында мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген сарбаз Елшат Құрбанов жеңіске жетті.
Менің қарсыластарыма оңай болған жоқ. Әскерге дейін алты жыл бойы күреспен айналысқанмын. Бұл жеңісте менің жаттықтырушым мен ата-анамның еңбегі зор, – деді қатардағы жауынгер Елшат Құрбанов.
Екі күндік жарыстың қорытындысы бойынша командалық есепте бірінші орынды Абай гарнизонының 28738 әскери бөлімі, екінші орынды Аягөз гарнизоны 10810 әскери бөлімінің балуандары, үшінші орынды 30217 әскери бөлімінің спортшылары еншіледі.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері медальдармен, кубоктармен және грамоталармен марапатталды.