Шығыс Қазақстанда биыл бірқатар жылу қазандығы қайта жөнделді

23 Қазан 2020, 17:19
2255
Бөлісу:
Шығыс Қазақстанда биыл бірқатар жылу қазандығы қайта жөнделді

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Облыстың елді мекендеріндегі әлеуметтік мекемелер мен тұрғын үй секторлары жылу көздеріне 100 пайыз қосылып болды.

Бұл туралы ШҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізген облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Рамазанов хабарлады.

Ең соңғы болып жылу көздеріне облысымыздың оңтүстік аудандары қосылды. Олардың арасына жаңа жылу қазандығы салынған Абай ауданын қосуымызға болады. Өздеріңізге белгілі, биыл осы уақытқа дейін жұмыс істеп келген компания өз жұмысын тоқтатқан болатын. Сол себепті аудан әкімдігімен жалпы құны 130 млн теңгелік жаңа жобаны қолға алдық. Нәтижесінде қуаттылығы 2,5 гигаколориялық блокты-модульді жылу қазандығы орнатылды, - дейді Нұрлан Рамазанов.

Жауапты тұлғаның хабарлауынша, қазіргі уақытта ондағы құрылыс жұмыстары толық аяқталған. Қыркүйек айының соңын ала аудан орталығы Қарауылдағы барлық әлеуметтік мекемелердің ғимараттары мен бір көппәтерлі тұрғын үй жылу көзіне қосылған.

Бұдан бөлек, облыстағы бірқатар елді мекенде биылғы жылыту маусымына дайындық ретінде модернизациялау жұмыстары жүргізілген. Атап айтсақ, Курчатов қаласында алты жылу қазандығы ауыстырылып, «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында Аягөздегі жылу жүйелері мен осыған дейін республикалық бюджет есебінде болып келген «Северный» жылу қазандығының облыстық бюджетке берілуіне орай оған қайта жөндеу жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде, оның қуаттылығы 4,5 гигаколорияға артып, жаңадан салынған екі көппәтерлі тұрғын үй мен қазандық маңындағы барлық әлеуметтік нысанды жылу көздеріне қосуға мүмкіндік туды.

Сонымен қатар биыл Алтай ауданында «Парыз» қорының 50 миллион теңгелік қаражатына насосты станса салынып, жылу жүйелерін жаңарттық. Нәтижесінде Серебрянск қаласының 11 көшесінде орналасқан тұрғын үйлерді орталықтандырылған жылу жүйелеріне қосуға мүмкіндік алдық. Сондай-ақ «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде Катонқарағай, Ұлан аудандарының аумағында бірнеше қазандық жөндеуден өтті, - деп қосты Нұрлан Рамазанов.

Биыл облыс халқын көмірмен қамтамасыз ету мақсатында 1 млн 123 мың тонна көмір дайындау жоспарланған болатын. Қазіргі уақытта ол 99 пайызға орындалған. Бүгінгі таңда облыстағы көмір тиелетін 14 теміржол тұйығында 14,5 мың тонна көмір бар. Әлеуметтік мекемелердің басым көпшілігіне қатты отын бірінші қыркүйекке дейін жеткізіліп болған. Ал ірі жылу қазандықтарында, егер ол көмір тиеу көзінен 100 шақырым қашықта орналасса - 10 күндік, ал арақашықтық 100 шақырымнан көп болса - 20 күндік көмір қоры болуы керектігі жайлы Энергетика министрінің бұйрығы толық орындалып отыр.


Өзгелердің жаңалығы