Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Шығын көлемі – 40 млн теңге: Астанада 9 алаяқтық фактісіне қатысы бар әйел ұсталды

20 Маусым 2025, 06:37
950
Бөлісу:
 istockphoto.com
Фото: istockphoto.com

Елордада полицейлер 9 алаяқтық фактісіне қатысы бар деген күдікпен 45 жастағы әйелді ұстады, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті әйел өзін риелтор ретінде таныстырып, жылжымайтын мүлік сатып алуға көмектесемін деген уәдемен азаматтардың сеніміне кіріп, ірі көлемде ақша алған. Ол әсіресе үйі жоқ, жалдамалы пәтерде тұрып жатқан азаматтарды алдап соққан.

Нұра ауданының криминалдық полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Келтірілген материалдық шығын көлемі 40 миллион теңгеден асады.

Қазіргі таңда күдіктінің осындай сипаттағы тоғыз алаяқтық оқиғаға қатысы бар екені анықталып отыр. Бұл деректер сотқа дейінгі тергеу кезінде тексеріліп жатыр.

Полиция алаяқтық әрекеттердің жиілеп кеткеніне алаңдаушылық білдіріп, азаматтарды сақ болуға және күмәнді ұсыныстарға сенбеуге шақырып отыр. Құқық қорғау органдары тұрғындарды жылжымайтын мүлік, қаржы және басқа да мәмілелер жасағанда тек ресми, сенімді мамандармен жұмыс істеуге кеңес береді.

Өзгелердің жаңалығы