Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жерлесіміз Нұр-Сұлтан қаласында тректегі веложарыс түрлерінен өткен ел біріншілігінде қос медальға ие болды. Оның бірі алтын болса, енді бірі – қола. Бұл туралы altaynews.kz сайтында хабарланған.
Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасынан хабарлағандай, бес күнге созылған велобәйгеге еліміздің тоғыз облысының, сондай-ақ Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының спортшылары қатысты. Шығыс Қазақстанның намысын аталмыш бәсекеде облыстық кешенді мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің үш өкілі қорғады.
Чемпионат қорытындысы бойынша жерлестеріміздің бірі доданың қос жүлдесін қанжығалады. Владимир Чаловтың қол астында жаттығатын Юлия Голубкова спринт жарысында ел чемпионы атанса, кейрин сайысында үздік үштікті түйіндеп, қола медальға иелік етті.