Шығысқазақстандық зілтеміршілер Спартакиада жүлдесін жеңіп алды

6 Тамыз 2019, 21:14
1491
Бөлісу:
Шығысқазақстандық зілтеміршілер Спартакиада жүлдесін жеңіп алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл күндері Талдықорған қаласындағы «Жастар» спорт сарайында республикалық V жазғы спартакиада аясындағы ауыр атлетика жарысы өтуде. Бұл туралы altaynews.kz сайтында хабарланды.

Бес күнге созылады деп жоспарланып отырған додада еліміздің 11 облысы мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларынан жиналған 200-ге жуық зілтемірші бақ сынауда. Арасында Шығыс Қазақстан облысының өкілдері де бар.

Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі таратқан соңғы ақпаратқа сәйкес, додаға қатысқан шығысқазақстандық спортшылардың екеуі спартакиада жүлдегерлері атанған.

Дәлірек айтсақ, салмағы 55 келіден аспайтын қыздар бәсекесінде Диана Абдуллаева (нәтижесі 157 келі: жұлқа көтеруде – 69, серпе көтеруде – 88) қола жүлдеге ие болса, 59 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Елизавета Белоусованың (180 келі: 80+100) қанжығасы күміс медальмен майланды. Осы ретте Белоусованың салмағында үш дүркін Әлем чемпионы, атақты Зүлфия Чиншанло (210 келі: 90+120) топ жарғанын айта кеткен орынды.

9 тамызға дейін жалғасатын байрақты бәсекеде алдағы күндері тағы бірнеше жерлесіміз жарыс жолына шықпақ.

Өзгелердің жаңалығы