Шығысқазақстандықтар алдағы сайлау науқанына бір адамдай жұмылмақ

10 Сәуір 2019, 20:13
2462
Бөлісу:
Шығысқазақстандықтар алдағы сайлау науқанына бір адамдай жұмылмақ
Фото: автордан

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Шығыс Қазақстан облысының қоғам өкілдері алдағы кезектен тыс сайлау науқанына бір адамдай жұмылмақ. Бұл жөнінде бүгін ШҚО Талдау және болжау институты базасында өткізілген «Азаматтық қоғам – демократиялық сайлау» тақырыбындағы дөңгелек үстел барысында айтылды.

«Бүгінгі басқосуымыздың басты себебі - кеше ғана Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жариялаған үндеуі. Алдымызда үлкен науқан – кезектен тыс өтетін Президент сайлауы тұр. Әрбіріміз бұл шара арқылы өз болашағымызға таңдау жасауымыз керек. Өз басым жарқын болашақты таңдаймын. Менің бұл таңдауым көпшіліктің де таңдауы деп ойлаймын. Осы себепті алдағы сайлау науқанын барлық қоғам өкілдері болып бір адамдай көтеріп алғанымыз абзал», - деді Шығыс Қазақстан облыстық Талдау және болжау институтының директоры, облыстық мәслихат депутаты Олег Чернышев.

Сайлауға өңір тұрғындарының толықтай қатысуында қоғамдық ұйымдардың маңызды рөл атқаратынын алға тартқан ол алдағы екі ай көлемінде қоғамдық және жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдарының жұмысы аз болмайтынын ескертті.

«Осыдан бірнеше жыл бұрын ғана жұмысы салмақты саналмаған үкіметтік емес ұйымдар бүгінде қоғамдық мәселелерді шешуге кеңінен атсалысатын маңызды саланың біріне айналғаны белгілі. Қоғамның қалыпты дамып, қандайда бір жетістіктерге жетуі үшін елімізде тыныштық болуы керек. Ал мұны бірінші кезекте елімізді басқаруға келген жаңа Президенттің қалыптастыратыны рас. Біз Іскер әйелдер қауымдастығы арасында алдағы сайлау науқанын талқылап, кімнің бақылаушы, кімнің насихат жұмыстарына атсалысатынын анықтап та қойдық», - дейді Өскемен қалалық Қоғамдық кеңестің төрайымы Елена Березинская-Абилова.

Қазақстанның осы уақытқа дейінгі экономикалық жетістіктерін саяси тұрақтылықпен байланыстырған ол алдағы сайлау науқанынан кейін келген жаңа ел басшысының да осыған дейінгі сарабдал саясатты жалғастыратынына сенім білдірді.

«Зейнеткерлер қауымы бұл бастаманы бірауыздан қолдайды. Оның үстіне біз тұрғындардың ең белсенді бөлігі саналамыз. Елбасымыздың отыз жылға жуық атқарып келген міндетін өзгеге беруі салиқалы шешім. Көпшілік 2020 жылды межелі кезең деп күткен еді. Бірақ ол одан ертерек болды. Бұл барлығымыз үшін де күтпеген жайт болғаны рас. Десек те алдағы сайлауға жұдырықша жұмылып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, оның барынша айшық әрі адал өтуін қамтамасыз етуіміз керек», - деді «Наше поколение» қоғамдық ұйымының төрайымы Марина Соловьева.


Өзгелердің жаңалығы