Шығыс Қазақстандағы қоғамдық көлік режиміне өзгерістер енгізілді

19 Наурыз 2020, 18:12
1702
Бөлісу:
Шығыс Қазақстандағы қоғамдық көлік режиміне өзгерістер енгізілді

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өңірдегі барлық қоғамдық көліктер күніне үш рет зарарсыздандыру режиміне көшті.

Бұл туралы Аймақтық коммуникациялар қызметінде тікелей эфирде баспасөз мәслихатын өткізген облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмәділов хабарлады.

Ел басшысының Жарлығына сәйкес, 13 наурыздан бастап Шығыс Қазақстан аумағындағы көлік компаниялары қоғамдық көлікті күніне үш рет дезинфекциялай бастады. Облыстағы жолаушы тасымалдаушы мекемелер дезинфекциялық құралдарды үш айға дейінгі мерзімде жеткізу жөнінде келісімшартқа отырды. Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан аумағында 2061 жолаушы тасымалдайтын автобус бар. Барлық автобус жүргізушілеріне жаднама қағаздары берілді. Сондай-ақ өңірдегі 4 әуежай, 21 теміржол станциясы, 3 автовокзал, 10 автостанция мен жолаушыларға қызмет көрсететін 12 пункт те өз ғимараттарын күніне үш мәрте дезинфекциялауға көшті, - деді Нұржан Жұмәділов.

Сонымен қатар көрші мемлекеттерге қатынайтын автобус бағыттары да шектелген. Атап айтсақ, олардың ішінде Ресейге қатынайтын 16 және Қытайға қатынайтын 4 автобус бағыты 27 қаңтардан бастап тоқтатылған. Бұдан басқа, Шығыс Қазақстан аумағынан өтетін транзиттік және халықаралық теміржол қатынастары да 16 наурыздан бастап тоқтатылды. Олардың ішінде "Ташкент-Новосибирск" бағытындағы теміржол қатынасы бар. Сондай-ақ "Алматы-Новосибирск" бағытындағы пойыз Семейге дейін ғана жүреді. 22 наурыздан бастап "Томск-Риддер", 23 наурыздан бастап "Бішкек-Новосибирск" пойызы тоқтатылады.

18 наурыздан бастап "Өскемен-Мәскеу" бағытындағы әуе қатынасы тоқтатылса, ал 23 наурыздан бастап "Өскемен-Новосибирск" бағытындағы әуе қатынастары тоқтатылатын болады, - деп қосты басқарма басшысы.

Айта кетсек, алдын ала сатып алынған әуе билеттерін қайта тапсыру үшін азаматтар тұрғылықты жерлері бойынша әуе компанияларының филиалдарына жүгінулері керек.

 


Өзгелердің жаңалығы