Шығыс Қазақстанда қар құрсауынан құтқарылған көліктер Аягөзге бет алды

21 Қаңтар 2019, 16:28
4016
Бөлісу:
Шығыс Қазақстанда қар құрсауынан құтқарылған көліктер Аягөзге бет алды

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. «Алматы-Өскемен» тасжолының 683-686 шақырымдарында қар құрсауында қалған көліктер арнайы құтқару техникаларының бастауымен Аягөзге бет алды. Бұл жөнінде ШҚ Аймақтық коммуникациялар қызметінде шұғыл баспасөз мәслихатын өткізген ШҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмәділов хабарлады.

«20 қаңтар күні сағат 3.12-де Үржар аудандық төтенше жағдайлар бөліміне «Алматы-Өскемен» тасжолының 683-686 шақырымдарында қар құрсауында көліктердің қалып қойғаны туралы шұғыл хабарлама келіп түскен болатын. Бастапқыда сегіз автокөлік қар құрсауында қалған болатын. Сағат таңғы 5.00-де Үржар ауылындағы «Қазақавтодор» мекемесіне қарасты ДЭУ-24 жол учаскесінен арнайы қар тазалағыш «шнекоротор» мен күрегі бар «Урал» техникалары шығарылды.  Сағат алтыда олар оқиға орнына жетіп жұмыстарын бастап кеткен», - дейді басқарма бастығы. 

Басқарма басшысы көліктердегі жолаушылар мен жүргізушілердің Төтенше жағдайлар департаменті құтқарушыларының адамдарды қауіпсіз жерге көшіру туралы ұсыныстарын құп алмай, өз көліктерінде қалуды ұйғарғандарын айтады.

«Шнекоротор» көлігі ауа райының қолайсыздығы салдарынан екі қатарға тұрып қалған көліктерді айналып өту кезінде жол жиегіне құлап кеткен. Осының салдарынан қар құрсауындағы көліктер одан әрі көбейе түсіп, бірнеше сағаттың ішінде қасат қардың иелігінде қалған техниканың саны 20 автобус, 143 жүк және 78 жеңіл көлікке жеткен. Түскі сағат 12.00-де аталмыш жол бөлігін жабу жөнінде шешім қабылданып, облыс әкімі орынбасарының басшылығымен жедел штаб құрылды. 312 адам, оның ішінде 28-і Таскескен ауылының ауруханасына, 40 адам Ы.Алтынсарин атындағы мектепке, 55 адам Ақтамберді мектебіне, 19 адам жергілікті колледжге, ал 60 адам Таскескен ауылының тұрғындарының үйлеріне эвакуацияланды. 40 адам өз күштерімен Үржар ауылына жетсе, 40 адам жергілікті дәмханалардың бірін паналады. Жергілікті әкімдік оларды ыстық тамақпен қамтып, қажетті деңгейде көмек көрсетті. Қазіргі уақытта жұмылдырылған арнайы техниканың көмегімен жол тазаланып, енін кеңейту жұмыстары жүргізілуде», - деп қосты Нұржан Сайлаубекұлы.

Жауапты тұлғаның айтуынша, қар құрсауында қалған көліктердің басым бөлігі Өскемен қаласына бағытына бет алған. Қазіргі уақытта арнайы құтқарушы техникалардың бастауымен көліктер колоннасы Аягөзге қарай жүріп келеді.
Азамат ТЕМІРБЕКОВ
Өзгелердің жаңалығы