Швейцария прокуратурасы жаңа жыл түні Кран-Монтана тау шаңғысы курортында орналасқан Le Constellation барында болған жойқын өртке байланысты мекеме менеджерлеріне қарсы қылмыстық тергеу басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ ВВС-ге сілтеме жасап.
Ресми дерекке сәйкес, өрт салдарынан 40 адам қаза тауып, 119 адам жарақат алған. Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің басым бөлігі – жастар. Көптеген құрбандардың жеке басы анықталғанымен, кей отбасылар әлі де хабар-ошарсыз кеткен жақындары туралы ақпарат күтуде.
Полиция бұған дейін 21 және 16 жастағы екі швейцариялық қыздың, сондай-ақ 18 және 16 жастағы екі швейцариялық жігіттің мәйіті табылып, туыстарына тапсырылғанын хабарлаған.
Алдын ала тергеу мәліметінше, өрттің шығуына бар ішінде төбеге тым жақын орнатылған шампан бөтелкелеріндегі жарқыл элементтері себеп болуы мүмкін. Қазір өрттің нақты қалай басталғаны анықталып жатыр.
Вале кантонының прокуратурасы барды басқарған француз азаматтарын абайсызда кісі өліміне әкелу, денсаулыққа ауыр зиян келтіру және өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау баптары бойынша күдікті деп таныды.
Швейцария президенті Ги Пармелен бұл оқиғаны ел тарихындағы «ең ауыр трагедиялардың бірі» деп атады.
Қаза тапқандардың аты-жөні әзірге жарияланған жоқ. Полиция мәліметінше, 113 зардап шеккен адамның жеке басы анықталған, олардың ішінде 71-і – Швейцария, 14-і – Франция, 11-і – Италия азаматтары.
Le Constellation барында алкоголь ішуге 16 жастан рұқсат етілетіндіктен, мекеме жасөспірімдер арасында кең танымал болған. Құрбандар мен хабар-ошарсыз кеткендердің арасында кәмелетке толмағандар да бар.
Өрт орнында гүл шоқтары, ойыншықтар мен естелік жазбалар қойылған. Қаза тапқандардың отбасылары Кранс қаласындағы Конгресс орталығында жиналып, оларға Италияның азаматтық қорғау қызметі мен Швейцариядағы Италия елшілігі қолдау көрсетіп жатыр.
Елші Джан Лоренцо Корнадоның айтуынша, мәйіттерді сәйкестендіру жұмыстары қатты күйік алғандардың көптігіне байланысты баяу жүргізілуде және жексенбі күні түске дейін аяқталуы тиіс.