Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алдағы 9-22 қаңтар аралығында Швейцарияның Лозанна қаласында жасөспірімдердің үшінші қысқы Олимпиадасы өтеді. Төрт жылда бір келетін дүниежүзілік додаға Қазақстан командасының спортшылары да қатысады. Бұл туралы Оlympic.kz сайтында хабарланды.
Лозаннадағы жасөспірімдер Олимпиадасында әлемнің 70 мемлекетінен 15-18 жас аралығындағы 1880 спортшы бақ сынайды. Олимпиада ойындарында спорттың 16 түрінен медальдар сарапқа салынады.
Атап айтсақ, жас спортшылар шаңғы жарысы, сноуборд, фристайл, шаңғы қоссайысы, тау шаңғысы, шаңғымен тұғырдан секіру, альпинизм, биатлон, шайбалы хоккей, шанамен сырғанау, бобслей, скелетон, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, конькимен жүгіру және керлингтен сынға түседі.
Қазақстан ұлттық құрамасы Лозаннадағы Олимпиада ойындарына жалпы есебі 26 жолдама жеңіп алды. Салыстырып айтар болсақ, ұлттық құрама 2012 жылғы Инсбурктегі Олимпиадаға 37 спортшы апарса, 2016 жылы Лиллехамерде өткен қысқы ойындарда 20 атлет бақ сынады.
Қазақстандық жас спортшылар жасөспірімдердің қысқы Олимпиадасынан 8 медаль жеңіп алды. Әзірге, алтын жүлде жоқ.