Полиция қызметкерлерi Шу тұрғынынан 125 келi есiрткi және атыс қаруын тәркіледi,деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz сілтеме жасап.
Жамбыл облысы ПД Есірткi қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ІІМ ЕҚҚІД және Ұлттық ұлан арнайы бөлімшесінің әскери қызметшілерімен бiрлесiп “Қарасора-2022” және “Рефлекс” республикалық ЖПІШ өткізу барысында Шу ауданының Тарыайдаған құмды дала аймағынан түскен жедел ақпарат бойынша каннабис өсiмдiгiн жинап жүрген Шу ауылының 51 жастағы тұрғыны ұсталды.
Шұғыл тергеу іс-қимылдарын жүргізу, жеке тексеру және іргелес аумақты тексеру барысында ұсталған адамнан жалпы салмағы 7 келiден асатын кептірілген марихуана және салмағы 118 келi кептірілмеген марихуана және 2 грамнан асатын гашиш табылып, тәркіленді.
Сонымен қатар, оқпаны кесілген оқталған патрон бар 16 калибрлі атыс қаруы, оған қосымша 3 патрон және электрондық таразы тәркіленді. Сот-баллистикалық сараптама тағайындалды.
Ұсталған адам кiнәсін толық мойындады. Шу қаласының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігімен (Аса ірі мөлшерде есірткі заттарын өткізу мақсатында заңсыз сақтау) сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл баппен мүлкі тәркіленіп, он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген, – деп хабарлады Жамбыл облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Асқар Жұмабеков.