Шығыс Қазақстан облысында полицейлер жол жиегіне шығып кеткен жүк көлігінің жүргізушісіне жедел көмек көрсетті, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Оқиға Өскемен – Семей тасжолының 25-шақырымында болды. Volvo маркалы жүк көлігін басқарған шетел азаматы тоқтау кезінде жол және ауа райы жағдайларын ескермей, басқаруды жоғалтып, көлікті жол жиегіндегі кюветке түсірген.
Оқиға орнына патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жедел жетіп, қозғалысты реттеді және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Көлікті жолға шығару барысында автожолда уақытша қозғалыс шектеуі енгізілді.
Жүк көлігін көтеру жұмыстары «ҚазАвтоЖол» АҚ өкілдерінің қатысуымен жүргізілді. Полиция қызметкерлері бүкіл процесс барысында жол жағдайын бақылауда ұстап, жұмыстардың қауіпсіз өтуіне жағдай жасады.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шеккендер жоқ. Барлық жұмыстар аяқталған соң аталған тасжолда қозғалыс толық көлемде қалпына келтірілді.
Полиция жүргізушілерді жылдамдық режимін қатаң сақтауға, ауа райы мен жол жабынының жағдайын ескеруге және қала сыртындағы жолдарда барынша мұқият болуға шақырады.