Бұған дейін хабарлағанындай, Марқакөл ауданында күн райы бұзылып, қалың қардың салдарынан жолдар жабылып қалды. Сондықтан табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған еді, деп хабарлайды BAQ.KZ Altaynews.kz-ке сілтеме жасап.
Осы аудандағы Қайнарлы деп аталатын ауылда тұратын жүкті әйелді құтқарушылар ауруханаға арнайы көлікпен жеткізді.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жедел-құтқару жасағы қар құрсауында қалған ауылға «Шерп» деп аталатын арнайы көлікпен шыққан. Құтқарушылар қасат қарды бұзып-жарып, жолды жеті сағатта еңсерген көрінеді. Шұғыл көмекке мұқтаж болған тұрғын Марқакөл ауылына жақын орналасқан ауруханаға аман-сау жеткізілді.
Естеріңізге саламыз, төтенше жағдай кезінде 112 нөміріне қоңырау шалу қажет.