ШҚО-да жеке үйлердегі өрт саны азайған

2 Наурыз 2023, 11:02
771
Бөлісу:
ШҚО-да жеке үйлердегі өрт саны азайған
Фото: syrboyi.kz

Биыл Шығыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары жүргізген ауқымды түсіндіру және апаттың алдын алу жұмыстары нәтижесінде жеке тұрғын үй секторындағы өрт саны 11,1 пайызға азайып отыр, деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі. 

Өрт кезіндегі адам өлімі көбейді

Брифингте ТЖД мамандары қыс маусымының алдын ала қорытындыларын жариялады. Құтқарушылардың сөзіне қарағанда, жалпы алғандағы жағдай жаман емес секілді. Десек те, жағымсыз жайттар да бар. Мәселен, баспасөз мәслихаты барысында Шығыс Қазақстанда өрт кезіндегі адам өлімі бірден 27,2 пайызға артқаны белгілі болды. Дәлірек айтсақ, жыл басынан бері қызыл жалынның құрбаны болғандардың саны 11 адамға жеткен. Абырой болғанда,биыл өрт кезінде балалар өліміне жол берілмепті.

Жыл басынан бері пешпен жылытылатын үйлерде газдан уланудың бірнеше фактісі тіркелді. Өкінішке қарай, көміртегі тотығынан улану салдарынан бір адам көз жұмды. Жалпы, жылыту кезеңінде тілсіз жаудан зардап шеккендердің саны 37 пайызға артқанын айту керек. Жазатайым оқиғалардың негізгі себептері пештерді дұрыс пайдаланбау болды. Әсіресе аязды күндері апат қаупі еселеп артады, – деді Шығыс Қазақстан облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұржан Өміржанов.

Мамандардың ақпаратына сенсек, қызыл жалын көбінесе жеке тұрғын үйлерді шарпиды екен. Бұл – өрттердің жалпы санының 54,2 пайызы, яғни 102 дерек. Сондай-ақ аулалар мен шаруашылық құрылыстарында тіркелген өрттердің саны да айтарлықтай көп – 79 жағдай (35,4 пайыз). Бұған қоса саяжай қоғамдарынан да жиі өрт шығып жатады дейді мамандар.

Осыны ескерген ТЖД қызметкерлері күз және қыс айларында 190 мыңнан астам ауланы аралап шығыпты. Дәл осындай ауқымды жұмыстардың нәтижесінде жеке секторға тиесілі үйлерден ғана өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзудың 44 689 фактісі анықталған. Брифингте айтылғандай, бұл фактілердің басым бөлігі электр желілері мен электр жабдықтарын дұрыс пайдаланбауға қатысты болыпты.

Улы газды анықтайтын датчиктердің пайдасы мол

Бүгінде облыс аумағында халықтың әлеуметтік жағынан осал санаты тұратын пешпен жылытылатын 3 174 үй бар екен. Осыған байланысты департамент мамандары жергілікті атқарушы билік органдарының өкілдерімен бірлесіп, аталмыш үйлерді бір емес, екі рет түгелдей аралап шығыпты. Аталмыш тексеру жұмыстары барысында өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзудың 2 357 дерегі анықталыпты. Оның ішінде пешпен жылытуға, электр желілері мен жабдықтарын пайдалануға, газ балондарын сақтауға қатысты заңбұзушылықтар бар.

Осы ретте былтыр «Казцинк» компаниясымен жасалған меморандум аясында 2 140 улы газ датчигі сатып алынып, үйлерге орнатылғанын айтқан жөн. Сондай-ақ Катонқарағай ауданының әкімдігі де қолдау көрсетіп, дәл осындай 200 датчик сатып әперген. Ал Шемонайха ауданының әкімдігі 60 сигнализатор ұсынған.

Халықтың әлеуметтік жағынан осал санаты тұратын үйлерді қайта аралау барысында осыған дейін анықталған  бірталай заңбұзушылықтың жойылғаны туралы белгілі болды. Атап айтсақ, 1 802 үйдің 440-да олқылықтардың орны толтырылыпты. Бұл ретте, кей үйлердің иелеріне анықталған заңбұзушылықтарды жоюға жергілікті атқарушы билік органдары көмектессе, қалғандары мәселені өз бетінше шешкенін айтқан жөн, – деп хабарлайды департаменттің баспасөз қызметі.

Бұдан бөлек, құтқарушылар тұрғындарға қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау керектігін тағы бір мәрте ескертті.

Еш уақытта пеш ішіне жанғыш сұйықтықтарды құюға болмайды. Сондай-ақ пештерде отын, кір және басқа да жанғыш материалдарды кептіруге қатаң тыйым салынады. Ешбір жағдайда ашық есіктері бар пештерді қараусыз қалдырмаңыз. Бұған қоса жанып жатқан пештерді қадағалау міндетін балаларға тапсырмаған абзал, – деп ескертті мамандар.

Мереке күндері жағдай ушыға түседі

Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері тұрғындардың, әсіресе, мереке күндері өрт қауіпсіздігінің ең қарапайым деген талаптарының өзіне салғырт қарайтынын айтуда. Соның салдарынан Жаңа жыл сияқты әр қысқы мереке сайын ондаған өрт фактісі тіркеліп жатады. Мәселен, өткен жаңажылдық мерекелерде Шығыс Қазақстанда 20 өрт тіркеліпті.

Облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұржан Өміржанов мереке күндері тұрғындар өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережелерін ұмытып кететінін алға тартты.

Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында біздің мамандар жаңажылдық іс-шаралар өтуі тиіс 301 нысанды есепке алды. Білім беру нысандарында және бұқаралық іс-шаралар өткізіледі деп жоспарланған орындарда ТЖ қызметінің мамандары кезекшілік етті. Облыста 11 жедел топ құрылды. Пиротехникалық өнімдерді рұқсатсыз сататын орындарын анықтау мақсатында полиция қызметкерлерінің қатысуымен арнайы рейдтер жүргізілді, – деп атап өтті Нұржан Өміржанов.

Ал сертификатталмаған пиротехникалық өнімдерді сатқан азаматтар «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 196-шы және 483-баптарына сәйкес, жазаға тартылғанын жеткізді.

Сондай-ақ мамандар 436-бапқа сәйкес, «жұмыс күні түнгі сағат 23.00-ден кейін (31 желтоқсан мен 1 қаңтар аралығында жаңажылдық түннен басқа) салют атқан жағдайда бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл арқалауға болатынын ескертті. Белгілі болғандай, қазір облыста мұндай рұқсатты төрт ұйым ғана алыпты. Олардың екеуі Өскемен қаласында орналасса, қалған екі ұйым Алтай ауданында екен.

Өзгелердің жаңалығы