Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Құтқарушылардың ауқымды жұмысына қарамастан, Шығыс Қазақстанда су айдындарында азаматтардың суға кетіп қайтыс болуы азаймай тұр.
Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында ШҚО ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының орынбасары Дәурен Ағажаев пен Өскемен қаласы ТЖ басқармасының аға офицері Валентин Литвиненко айтып өтті, деп хабарлайды ШҚО Ақпараттық орталығы.
Шығыс Қазақстан облысы әкімінің қаулысымен өңірдегі су объектілері мен су шаруашылығы құрылыстарында жаппай демалу, туризм және спорт үшін 16 орын белгіленді. 116 учаске мен орынға шомылуға тыйым салынған. Демалушылардың қаза болуының барлық жағдайлары жабдықталмаған шомылу орындарында тіркелді. Полицейлермен бірлесіп рейдтер жүргізілді, оның нәтижелері бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы, ортақ су пайдалану қағидаларын бұзу баптары бойынша 10 бұзушы және алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу баптары бойынша 3 бұзушы анықталды, - деді ШҚО ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының орынбасары Дәурен Ағажаев.
Брифинг барысында спикерлер «ШҚО суларындағы құтқару қоғамы» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп, жаппай шомылу орындары акваторияларының түбін тексеру және тазарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Бүгінгі күні демалыс базаларының басшыларынан 53 өтінім пысықталды. Демалыс базаларының иелерімен 39 меморандум жасалды, олардың шеңберінде оларға тиесілі жағажайларда қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүзеге асырылады. Қоғамдық құтқарушыларды оқыту мәселесі бойынша жұмыстар жүргізілуде. Барлығы 68 адам дайындалды.
Өскемен қаласында шомылуға арналған 2 ресми орын бар, олар қазіргі уақытта демалушыларды қабылдауға дайын. Облыста барлығы 6 рұқсат етілген жағажай бар, құтқарушылар осы орындардың басшыларына алдын ала ұсыныстар мен дайындық уақытын берді, - деп толықтырды Өскемен қаласы ТЖ басқармасының аға офицері Валентин Литвиненко.
Сонымен қатар, жыл сайын 7000 адамға дейін демалатын Самар ауданында шомылу маусымы кезінде демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өрт-құтқару бекетінің жұмысы ұйымдастырылған.