Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жыл басынан бері ШҚО-дағы тас жолдарда 240 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Жол апатынан 338 адам жарақат алып, 43 адам қаза тапты, деп хабарлайды Altaynews.
ШҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының ақпаратына сүйенсек, жол-көлік оқиғаларында автокөліктердің соқтығысуы, аударылуы және жаяу жүргіншілерді қағып кетуі секілді жағдайлар жиі орын алады.
Апаттық талдауға сәйкес, оған негізінен жылдамдық режимі мен маневр жасау ережелерін бұзу, қарама-қарсы қозғалыс жолағына шығу, мас күйде көлік тізгіндеу себеп болған.
Жергілікті полиция қызметі басқармасы облыстың тұрғындары мен қонақтарын жол жүру ережелерін сақтауға шақырады. Жазғы кезеңде азаматтардың демалысқа көптеп шығуына байланысты облыстық маңызы бар автожолдарда көлік ағыны көбейе түсті. Бұл жол-көлік оқиғаларының жиілеуіне себеп болуы мүмкін. Балалар жүргізетін жеке қозғалыс құралдарына (гироскутер, моноколеса, электросамокат, велосипед) және мототехникаға (cкаутер, квадроцикл және т.б.) ерекше назар аудару қажет, - дейді ШҚО ПД ЖПҚБ жол қозғалысын қадағалауды ұйымдастыру тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Алмазбек Жайшыбеков.