ШҚО-да жарты тонна балық аулаған браконьерлер ұсталды

8 Ақпан 2023, 20:08
1195
Бөлісу:
ШҚО-да жарты тонна балық аулаған браконьерлер ұсталды

Шығыс Қазақстан облысында заңсыз жарты тоннадан астам балық аулаған браконьерлер ұсталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қоршаған ортаға келтірілген залал 3 миллион теңгеден асады. Бұл туралы Altaynews жазды.

Полиция қызметкерлері бірінші заң бұзушыны Өскемен-Самар тасжолының 25 шақырымында ұстаған. Самара ауданының 46 жастағы тұрғынынан шамамен 240 келі рипус балығы тәркіленді.

Бірнеше күннен кейін дәл осы жолда тәртіп сақшылары Toyota маркалы көлікті тоқтатты. 39 жастағы қала тұрғыны 220 келі рипус балығын заңсыз тасымалдап бара жатып ұсталды.

Тағы бір браконьерді Күршім ауданының қоршаған ортаны қорғау полициясының қызметкерлері Ақсуат ауылында ұстады. Ауыл тұрғыны заңсыз жолмен 35 келі көксерке және 69 келі қарақұйрық балығын аулаған.

Осы факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы