Шығыс Қазақстан облысында көші-қон заңнамасын бұзған шетелдік азаматтар анықталды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында көші-қон қызметінің қызметкерлері шетел азаматтарының уақытша және тұрақты тұру мекенжайларын тексеріп жатыр. Сонымен қатар қабылдаушы тараптардың олардың елге келгені туралы уәкілетті органдарға хабарлама берген-бермегені де бақылауға алынған.
Полиция қызметкерлері Өскемен қаласында рейдтік іс-шара жүргізіп, бір күннің ішінде Қазақстан аумағында заңсыз еңбек қызметін жүзеге асырған 18 шетелдік азаматты анықтады.
Тексеру барысында 10 наурыз күні мекенжайлардың бірінде уәкілетті органның рұқсатынсыз жұмыс істеп жүрген әрі уақытша тұруға рұқсаты жоқ көршілес мемлекеттің азаматтары ұсталды. Тәртіп сақшыларының мәліметінше, олардың арасында бұған дейін де көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылған адамдар бар.
Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы Ринат Шкибаевтың айтуынша, заң талаптарын бірнеше рет бұзған 7 шетелдік азамат ел аумағынан шығарылды.
Көші-қон заңнамасын қайталап бұзғаны үшін 7 шетелдік азамат Қазақстан Республикасының аумағынан шығарылды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, оларға ел аумағына бес жыл мерзімге кіруге тыйым салынды. Сонымен қатар жұмыс беруші де жауапкершілікке тартылып, мемлекет пайдасына 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеледі, - деді Ринат Шкибаев.
Полиция өкілдері Қазақстан аумағында уақытша жүрген шетелдік азаматтарға еңбек қызметін тек уәкілетті органның арнайы рұқсаты болған жағдайда ғана жүзеге асыруға болатынын ескертті.
Құқық қорғау органдары мұндай рейдтік шаралар көші-қон заңнамасының сақталуын бақылау және заңсыз еңбек қызметінің алдын алу мақсатында тұрақты түрде жүргізілетінін атап өтті.