ШҚО-да заңсыз балық аулағандарға 1,8 миллион теңге айыппұл салынды

11 Маусым 2024, 02:43
462
Бөлісу:
ШҚО-да заңсыз балық аулағандарға 1,8 миллион теңге айыппұл салынды
Фото: архив

Шығыс Қазақстанда уылдырық шашу кезеңінде балық аулап, істі болған азаматтарға қатысты 93 әкімшілік жауапкершілік туралы хаттама жасалған. Бұл жөнінде Ауыл шаруашылығы министрлігі жанындағы Балық шаруашылығы комитетінің Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Фархат Байбазаров мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жыл сайын бейінді ведомство қызметкерлері жануарлар дүниесін қорғау мақсатында кешенді жұмыс жүргізеді. Бұл жұмыстар жан-жануарлардың тіршілік ету ортасы мен көбеюге қолайлы жағдайын, көші-қон жолдары мен шоғырлану орындарын қорғауды көздейді.

Мысалы, көктемгі уылдырық шашу кезінде «Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы» РММ инспекторлық құрамымен жоспарлы іс-шаралар өткізілді, – дейді Фархат Байбазаров. – Бұл Зайсан-Ертіс бассейнінің су айдынындағы балық ресурстарын қорғауға бағытталған рейдтер.

Биылғы балық аулау ережелерінің сақталуын тексеруге бағытталған рейдтер 16 сәуір мен 30 мамыр аралығында жүргізілген-ді. Осы уақыт ішінде құқық бұзушылық жасаған азаматтарға қатысты әкімшілік жауапкершілік туралы 93 хаттама жасалыпты. Оның ішінде 69 хаттама заңсыз балық аулағаны үшін, тоғызы балықты заңсыз тасымалдағаны және 13-і кеме қатынасы режимін бұзғаны үшін толтырылған. Тағы екі адам су айдынын ластағаны үшін жауапқа тартылған.

Нәтижесінде бір қылмыстық іс қозғалды, – деді инспекция басшысының орынбасары. – Тәртіп бұзғандардан 40 шақты түрлі балық аулау құралы мен көлік тәркіленді. Нақтырақ айтсақ, оның ішінде 20 бірлік ау, 17 ілмек пен үш жүзу құралы болды. Сонымен қатар, 209,2 келі заңсыз ауланған балық тәркіленді.

Маман қолданыстағы балық аулау заңдары мен ережелерін бұзудың жауапкершілік жүгі ауыр екенін айтуда. Оның сөзіне сенсек, істі болған 82 адамға жалпы сомасы 1 816 464 теңгенің айыппұлы салынған, нәтижесінде 55 адамнан 978 380 теңге өндірілді. Сондай-ақ, табиғатқа келтірілген залалды өндіру үшін сотқа 1 433 705 теңгенің талап-арызы берілген.

Өзгелердің жаңалығы