Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Шығыс Қазақстанның екі ірі қаласында тұрақтандыру қорының өнімдері халыққа қолжетімді бағада сатылып жатыр.
Соңғы күндері ел аумағында орын алған жағдайға байланысты экономиканың бірқатар салалары қарапайым халықтың жағдайын қалыпты деңгейде ұстап тұруға бағытталған жедел шаралар қабылдауда. Солардың бірі – ел дамуының ажырамас бөлігі саналатын ауыл шаруашылығы саласы. Бүгінде бұл іске өзіндік үлесін қосып жатқан өңірдің аграрлық секторы шататық режимде жұмыстарын жалғастырып, шаруашылық құрылымдары қолдан келер көмектерін жүртшылыққа көрсетіп жатыр.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының хабарлауынша, төтенше жағдай режимінде де өндірісті тоқтатпаған тамақ өнімдерін өндіретін кәсіпорындар штаттық режимде жұмыстарын жалғастырып жатқан көрінеді. Яғни, жағдайға байланысты салада айтарлықтай өзгерістер орын алған жоқ.
Облыста 2013 жылдан бастап 2020 жылға дейін «Ертіс» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы базасында өңірлік тұрақтандыру қоры жұмыс істеді. 2021 жылдан бастап тұрақтандыру қорына тауарларды сатып алу жүргізілген жоқ, бағаны тежеу бойынша жұмыс «айналым схемасы» аясында жүзеге асырылуда. Бүгінгі күні тұрақтандыру қорының өнімдері кестеде көрсетілген көлемде уақтылы жеткізілуде, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ербол Қуанышев.
Басқарма өкілінің айтуынша, қазіргі уақытта, Өскемен және Семей қалаларындағы тұрақтандыру өнімдерінің тауарларын сататын сауда орындары штаттық режимде істеп тұр. Бүгінде, аталмыш қордың өнімдері сауда дүңгіршектерінде төмендегідей бағада саудалануда: картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат сияқты көкөніс өнімдерінің келісі 82 теңгеден, күнбағыс майының әр литрі 630 теңгеден, бірінші сұрыпты ұн - 130, макорон өнімдері - 200, қарақұмық - 420, күріш - 23, қант - 305, ал жұмыртқаның он данасы 330 теңгеден сатылуда. Осы өнімдер «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының арнайы дүңгіршектерінде сатылса, көкөніс өнімдері қаланың сауда дүкендеріндегі сауда сөрелеріне қойылған.
Басқарманың хабарлауынша, Өскемен және Семей қалалары бойынша қор өнімдерін саудалайтын сауда нысандары туралы ақпаратты «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының «spkertis.kz» арнайы сайтынан көруге болады. Яғни, аталмыш платформада кез-келген тұрғынның оған кіріп, электронды карта арқылы өзі тұратын мекенжай маңындағы қор өнімдерін сататын орындарды оңай табуға мүмкіндік жасалған.
2021 жылғы қаңтар-қараша айларында облыс бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 2020 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 129,6 пайыздық өсіммен 833,7 млрд. теңгені құрады. Өстіп, ауыл шаруашылығының нақты көлем индексі 106,4 пайызға жетті. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы ішкі өнімі 887,4 млрд. теңгені құрап, 2020 жылғы деңгейге қарағанда 128 пайыздық өсімді көрсетті, – деп қосты Ербол Қуанышев.