ШҚО-да шомылуға рұқсат етілген 22 учаске белгіленді

20 Маусым 2024, 19:45
340
Бөлісу:
ШҚО-да шомылуға рұқсат етілген 22 учаске белгіленді

Ресми деректерге сүйенсек, былтырғы шомылу маусымында ел аумағында 177 адам суға кеткен. Оның 53-і кәмелетке толмаған. Құтқарушылар 136 азаматты аман алып қалған, деп хабарлайды BAQ.KZ Altainews.kz-ке сілтеме жасап.

Ал биылғы шомылу маусымының алғашқы он күнінде тіркелген оқыс жағдайлар көңіл көншітпейді. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, шомылу маусымы басталғалы он күнде сегіз адам ажал құшты. Оның төртеуі кәмелеттік жасқа толмаған. Құтқарушылар 13 адамды ажалдан арашалаған. Оқыс оқиғалардың көбі жағажайлардағы қауіпсіздік ережелерін сақтамау және рұқсат етілмеген жерге шомылу салдарынан болған.

Статистикалық мәліметке сәйкес, былтыр суға батқандардың 98 пайызы жабдықталмаған жағажайларда шомылған.

Облыста былтыр алты адам суға кеткен. Осындай оқиғалардың алдын алып, көңілді демалыстың арты қайғылы жағдайға әкеліп соқтырмас үшін сақтық шараларын ұмытпаған жөн. Өңірде биылғы жаз маусымында демалушыларға суға шомылуға рұқсат етілген 22 учаске белгіленіп, 74 орынға тыйым салынды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары аталған 22 учаске бойынша тексеру жүргізіп, қауіпсіздік шараларын пысықтап шықты.

Демалушылар су айдындарында қауіпсіздікті ұйымдастыру туралы ережелерді қатаң басшылыққа алуы қажет екенін атап өткім келеді. Тұрғындар тек жабдықталған жағажайларда шомылса қауіп-қатер де азаяды. Биыл облыс аумағында алты бірдей коммуналдық жағажай жұмыс істейтін болады. Оның екеуі Алтай ауданында, тағы екеуі Өскеменде. Ал қалған екеуі Ұлан ауданы мен Риддерде орналасқан. Бұл жағажайларда дайындық жұмыстарын жүргізіп, аумақты тазалап, рұқсат етілген аумақтың шекарасын белгіледік, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Дәурен Ағажаев.

Шығыс десе ең бірінші еске түсетін демалыс аймағының бірі – Бұқтырма су қоймасының жағалауы. Мұнда келушілердің қарасы жыл санап артпаса кеміген емес. Оның үстіне биыл бұл жерде туристік бағыт бойынша жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі. Осыған орай шомылу маусымы басталысымен Бұқтырманың жағасында құтқарушылардың мобильді бекеттері жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ құтқарушылар облыс бойынша полиция және көліктік бақылау ниспекциясының өкілдерімен бірлесіп, демалыс орындарындағы бақылауды күшейткен.

Бұқтырма су қоймасының жағасындағы қауіпсіздік шаралары тұрғысында 713 рейд жүргізілді. Нәтижесінде сақтық шараларын сақтамаған 11 адам жауапқа тартылды. Олардың қатарында жүзу құралдары мен катамаранға отырғанда қауіпсіздік кеудешелерінің болмауы, азаматтардың белгіленген аймақтан тыс жерде шомылуы және шағын кемелерді пайдалану ережелерінің сақталмауы сияқты бұзушылықтар бар, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Қуатбек Кенжебекұлы.

Бұқтырма су қоймасының Самар ауданындағы жағалауында да құтқарушылар бекеті жұмыс істей бастады. Жаз бойы мұнда облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндірушілері мен жедел-құтқару жасағы кезекшілік ететін болады.

Өзгелердің жаңалығы