Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Көші-қон қызметінің қызметкерлері заң бұзушыны Семей қаласында ұшақ билетін сатып алған кезде анықтады, деп хабарлайды Алтайньюс.
76 жастағы облыс тұрғыны 2001 жылы қазақстандық заңнамаға қарама-қайшы екенін біле тұра Қазақстан азаматтығымен қатар Ресей Федерациясының азаматтығын алған.
РФ азаматының паспортына қол жеткізгеннен кейін ол Ішкі істер органдарына Қазақстан азаматының жеке басын куәландыратын құжаттарын тапсырмай, сол арқылы осы жолы да Нұр-Сұлтан қаласына дейін әуебилетті сатып алған. Оның үстіне, зейнет жасына жетіп, ол 17 жыл бойы қазақстандық зейнетақыны алып келген.
Қазір одан Қазақстан азаматының құжаттары алып қойылды, азаматтығынан айырылғаны тіркелді. Қазақстандық құжаттарды пайдаланғаны үшін оған Әкімшілік кодекстің 496-бабы бойынша 100 АЕК көлемінде айыппұл салынды. ШҚО Полиция департаментінің көші-қон қызметі басқа елдің азаматтығын алған жағдайда Қазақстан азаматтығынан шығуды уақытылы тіркеу қажет екенін азаматтарға ескертеді.