Шығыс Қазақстан облысы аумағында қыс басталғалы мұз үстінде қауіпсіздік талаптарын сақтамаған 70-тен астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Өңір құтқарушыларының мәліметінше, осы кезең ішінде мамандар мұз айдындарына 1 500-ге жуық рейд жүргізген. Нәтижесінде мұз үстіндегі қауіпсіздік ережелерін бұзған 72 азамат анықталып, тиісті шара қолданылды. Сонымен қатар тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, арнайы жадынамалар таратылған.
Құтқарушылар мұздың қалыңдығына толық көз жеткізбейінше оның үстімен жүруге болмайтынын ескертеді. Мамандардың айтуынша, мұз жағалауда қалың болғанымен, тереңдікке қарай жұқара түседі. Сондай-ақ оның беріктігі ауа температурасына байланысты өзгеріп отырады: күндізгі уақытта мұздың беріктігі таңертеңгі және кешкі мезгілмен салыстырғанда әлсіз болуы мүмкін.
Мамандар мұз үстімен қозғалғанда қалың қар басқан жерлерді, ағысы қатты учаскелерді айналып өтуді ұсынады.
Төтенше жағдайлар қызметі азаматтарды жеке қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауға шақырады.