ШҚО-да 5,5 мың медицина қызметкері біліктіліктерін көтерді

19 Ақпан 2020, 11:32
2402
Бөлісу:
ШҚО-да 5,5 мың медицина қызметкері біліктіліктерін көтерді

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Облыс тұрғындары алдында есептік кездесу өткізген өңір басшысы Даниал Ахметов аймақта медициналық мекемелерді халықаралық "Алтын стандарт" – Joint Commission International сәйкестігіне аккредитациялау жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Жаңа роботты хирургия және трансплантология, политравма, ортопедия орталықтары, гибридті операциялық зал, үшінші деңгейлі инсульт орталығы, Алтай мен Аягөз қалаларындағы екінші деңгейлі инсульт орталықтары табысты жұмыс істеп жатыр. Дәрігерлерді оқытудың үшдеңгейлі бағдарламасын жүзеге асыру жалғасып келеді. Бүгінде 5,5 мың маман біліктіліктерін көтерді, оның ішінде бастапқы буынның 3700 дәрігері Семей қаласындағы медициналық университеттің және республикалық ғылыми зерттеу институттарының базасында қайта оқытылса, 1535 дәрігер қазақстандық және халықаралық мамандар тартылған 91 шеберлік-сыныбына қатысты. 276 маман Ұлыбритания, Германия, Жапония, Италия, Польша, Литва және Израиль емханаларында біліктіліктерін көтерді, - деді Даниал Ахметов өз баяндамасында.

Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде соңғы бес жыл ішінде тұрғындардың медициналық қызметтің сапасына қанағаттану деңгейі 39,5-тен 51,3 пайызға дейін артты. Қатерлі ісіктің пайда болуын ерте бастан анықтау 6-дан 24 пайызға дейін артты. Бұдан бөлек, Ұлттық кардиология ғылыми орталығы облыстық ауруханмен, Травматология институты мен Ұлттық нейрохирургия ғылыми орталығы Семей қаласындағы Жедел медициналық жәрдем ауруханасымен, А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия ғылыми орталығы облыстық мамандандырылған медициналық орталықпен, Ұлттық акушерлік және гинекология ғылыми орталығы Ана мен бала орталығымен, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты Өскемен қаласындағы онкология және хирургия орталығымен өзара әріптестік жөнінде меморандумдар бекітті.

Халықаралық тәжірибелерге сәйкес медициналық жабдықтардың түрлері және көлемі бойынша жұмыс өлшемшарты әзірленді. Ангиография және компьютерлік томография кабинеттері аптасына "24 сағат, 7 күн" режимінде жұмыс істей бастады. Дәрілік заттарға мониторинг жүйесі енгізілді. Медициналық көмек сапасын арттыруға және қаржыны тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін госпитальді фармация бөлімі құрылды, - деп қосты облыс әкімі.
Өзгелердің жаңалығы