Жоба Қазақстан-Америка еркін университетімен өзара іс-қимыл жасасу аясында іске асырылды, деп хабарлайды BAQKZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Қылмыс барған сайын күрделеніп, етек алып бара жатқан қазіргі заманда криминалистикалық білімді арттырудың маңыздылығын жете бағалаған абзал.
Мұндай оқу полигонының ашылуы сіздің университетіңіз бен Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті арасындағы байланысты нығайтады. Бірінші кезекте полигон болашақ полиция кадрларын даярлауды қамтамасыз ете отырып, криминалистика саласындағы қазіргі мамандар мен студенттер арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Студенттер үшін бұл теориялық білім алу ғана емес, сонымен қатар практикалық дайындықтан өтуге мүмкіндік береді, бұл қылмыстық құқық саласындағы кәсіби дамудың ажырамас бөлігі болып саналады, – деп атап өтті ШҚО полиция департаменті бастығының орынбасары Медет Бердімұратов.
Полигонда дактилоскопиялық және биологиялық зерттеулерге арналған әртүрлі жабдықтар, оқиға орнын тексеруге арналған криминалистикалық чемодан, фоторобот құрастыруға арналған бағдарламалық қамтамасыз ету орнатылған. Арнайы жабдықталған орын қылмыстық жағдайларды модельдеуге, тексеру жүргізуге және заттай дәлелдемелерді алу дағдыларын қолдануға мүмкіндік береді.
Мұндай тәжірибе болашақ заңгерлерге сөзсіз артықшылық береді және олардың өз кәсібінің күрделілігі мен талаптарын жақсы түсінуіне көмектеседі.